Екатеринбург қаласында өткен Халықаралық жастар фестивалі аясында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев форум қатысушыларымен арнайы кездесу өткізді. Еліміздің барлық өңірінен жиналған 100-ге жуық жас өкіл бас қосқан жиында дипломат өскелең ұрпаққа өмірлік маңызы зор бірнеше кеңес беріп, болашақта табысқа жетудің негізгі талаптарын атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адамгершілік пен кәсібилік – басты қасиет
Дипломат алдымен жастардың жадында жақсы сақталуы үшін ойын барынша ашық әрі өткір жеткізуді жөн көргенін аңғартты. Оның пайымдауынша, қандай салада жүрсе де адам әуелі кісілік келбетін сақтап қалуға тиіс. Сонымен бірге таңдаған мамандығына адалдық пен терең білім кез келген жетістіктің берік іргетасы саналады.
«Сіздер оңбаған (сволочь) болмауларыңыз керек. Сөзім дұрыс аударылады деп үміттенемін. Егер жай ғана „жақсы адам болыңыздар“ десем, мүмкін естеріңізде сақталмас еді. Оңбаған болмау – өте маңызды дағды, аса қажет қасиет. Сонда ғана болашақта барлық ісіңіз оң бағытта қалыптасады. Екінші қасиет қай саламен айналыссаңыз да, міндетті түрде өз ісіңіздің нағыз кәсіби шебері болуға тиіссіздер», – деді ол.
Студенттік шақ және әлеуметтік капитал
Елші жастарға тек академиялық сабақпен ғана шектелмей, қоғамдық белсенділікті қатар алып жүруге кеңес берді. Студенттік шақта жиналған байланыс желісі мен айналадағы орта келешекте кәсіби тұрғыдан өсуге үлкен демеу болады. Дипломат өз ойын түсіндіру мақсатында жоғары оқу орнында оқып жүрген кезіндегі жеке өмірлік тәжірибесін мысалға келтірді.
«Үнемі әлеуметтік капиталды арттырып отырыңыздар. Оқудан өзге қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысу қажет. Өзім студент кезімде кәсіподақ комитетін басқардым. Одан бөлек 1997-1998 жылдары Қазақстанның КВН чемпионы атанып, спортпен, футболмен айналыстым. Университетті бітірген кезде тек оқумен шектелген топтастарыма қарағанда менің таныстарым мен ортам әлдеқайда кең болды. Қазір сіздердегі ең басты ресурс – уақыт. Оқу біткеннен кейін мұндай мол мүмкіндік бола бермейтінін ескеріңіздер», – деп түйіндеді Дәурен Абаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







