Павлодар қаласындағы Достық үйінде Цифрландыру, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект қызметкерлері күніне орай Digital Qazaqstan Day Pavlodar өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жиынға 120-дан астам қатысушы келді. Олардың қатарында мемлекеттік орган өкілдері, IT-компаниялардың мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас стартапшылар мен студенттер бар. Ауқымды іс-шараны облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен өңір әкімдігінің қолдауымен Pavlodar Hub орталығы өткізді. Форумның құрметті қонақтары қатарында Павлодар облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіпов пен Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов болды.
Цифрлық кеңістіктегі құқықтық мәдениет
Жиын барысында жастармен ашық әңгіме өрбіткен Ердос Жүсіпов заманауи технологиялар дәуіріндегі құқықтық тәртіп мәселесіне ерекше тоқталды. Ол цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытының дамуы ең алдымен заңға бағыну мәдениетімен және виртуалды ортадағы жауапты мінез-құлықпен тығыз байланысты екенін жеткізді.
Басқарма басшысы жас бағдарламашылар мен стартап жетекшілерін құқықтық нормаларды сақтауда және жасампаз азаматтық ұстанымды дәріптеуде өзгелерге үлгі болуға шақырды.
Инновациялық көрме және сарапшылар кеңесі
Форум аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы, I Global компаниясы, жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер, сондай-ақ жаңадан құрылған стартап-командалар өздерінің цифрлық әзірлемелерін таныстырды.
Ал сараптамалық сессияда JuniorProg IT-мектебінің директоры Захра Гулиева, 3D-дизайнер Азамат Амантай, Qoldam жобасының негізін қалаушы Думан Тоқашев, «Қазақтелеком» компаниясының өкілі Дархан Шақан, «Даму» қорының бас менеджері Мадина Баденова және инновациялық бизнесті дамыту практигі Сергей Ван баяндама жасады. Спикерлер цифрлық білім беру, байланыс инфрақұрылымы, жасанды интеллект құралдары және кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы тәжірибе бөлісті.

Үздік стартаптар мен халықаралық хакатон
Басқосуда үздіктерді марапаттау рәсімі де өтті. Ердос Жүсіпов Децентратон 6.0 ұлттық AI-хакатонында топ жарған павлодарлық AAviators, ProofFlow және AI-Inquisition командаларына арнайы сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ қала тұрмысын жақсартуға бағытталған Idea Battle «Smart City» байқауының қорытындысы шығарылды. Сарапшылардың бағалауымен Pactiqo командасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Camry, ал үшінші орынды Air Trio Company иеленді.
Шара барысындағы маңызды нәтижелердің бірі – жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын жаңа халықаралық хакатонның басталуы болды. Омбылық «Модус Трейд» компаниясымен бірлескен жоба аясында өтінімдер 13 қарашаға дейін қабылданады, ал 16 қарашада үздік оннан астам команда финалда бақ сынайды.
Жас мамандарға берілер қолдау
Шара қорытындысында өңірде цифрлық қауымдастықтың әлеуеті артып келе жатқаны сөз болды. Өңірлік хаб басшылығы жастардың тың идеяларын жүйелі бизнеске айналдыру үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
«Digital Qazaqstan Day Павлодар облысында нақты өнім жасап жүрген студенттерден, стартапшылар мен компаниялардан тұратын мықты IT-қауымдастық қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Біздің міндетіміз – Павлодардан шыққан идеялар табысты жобаларға айналуы үшін оларға алаң, сараптама және қолдау көрсету», – деді Астана Хаб өңірлік филиалы директорының міндетін атқарушы Данияр Мамытбек.
Форум барысында жастар арасында киберспорттан шағын турнирлер мен танымдық викториналар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар таратылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







