Алматыда азаматтардың мемлекеттік базадағы деректерін жеке компанияның пайдасына заңсыз беріп, ірі көлемде пара алды деп айыпталған бұрынғы қос вице-министр мен Бірінші несиелік бюроның экс-басшысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Алмалы аудандық сотының шешімімен қылмыстық істің басты фигуранттары 4 жылдан 7 жыл 6 айға дейінгі мерзімге темір торға тоғытылды.
Кім қандай жаза арқалады?
Атышулы іс бойынша барлығы бес адамға сот үкімі кесілді. Сотталушылардың барлығы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемелерде өтейді.
Сот шешіміне сай:
Дәулет Арғандықов (Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы, кезінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болған) пара беру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және зиянды бағдарламаларды қолдану баптары бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға сотталды. Оған мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды;
Руслан Омаров (Бірінші несиелік бюроның бұрынғы бас директоры) пара беру және ақпараттық жүйелерге заңсыз әсер ету деректері бойынша 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол да мемлекеттік қызмет құқығынан өмір бойы ажыратылды;
Ақмәди Сарбасов (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары, кейін орталықты басқарған) 75 мың доллар көлемінде пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды;
Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов (орталықтың IT мамандары) жүйеге зиянды бағдарлама енгізгені үшін 3 жылға сотталды, алайда рақымшылық заңына сәйкес жаза мерзімдері 2 жылға қысқартылып, сот залында қамауға алынды.
Сот айғақ ретінде тәркіленген 75 мың долларды (шамамен 39 миллион теңге) мемлекет меншігіне өткізу туралы қаулы қабылдады.
Жүйелі схема: Деректер нарығы қалай саудаланды?
Тергеу барысында мемлекеттік Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен жеке меншік Бірінші несиелік бюро арасындағы күмәнді байланыстың беті ашылды. Мемлекеттік орталықта қазақстандықтардың жұмыс орны, зейнетақы жарналары, әлеуметтік төлемдері мен жеке мәліметтері шоғырланған алып деректер қоры бар.
Айыптау актісіне сәйкес, Арғандықов орталықты басқарып тұрған кезеңде жеке несиелік бюромен табысты бөлісу шартын өзгертіп, мемлекет үлесін кемітіп, жеке компанияның үлесін 35 пайызға дейін өсіріп берген. Салдарынан мемлекет 2 миллиард теңгеге жуық кірістен қағылған.
Мұнымен шектелмей, орталық мамандары мемлекеттік жүйеге арнайы скрипт-бағдарлама орнатып, Бірінші несиелік бюроның басты бәсекелесі саналатын Мемлекеттік кредиттік бюроның сұраныстарын 1-3 секундқа әдейі баяулатып отырған. Соның арқасында жеке компания банктердің ақпараттық сұраныстарына бәрінен бұрын жауап беріп, нарықты монополиялап алған.
Кейін орталықтың тізгінін Сарбасов қолға алғанда, несиелік бюро тиімді шарттардың сақталуы үшін оған 75 мың доллар пара ұсыну кезінде күдіктілер ұсталған болатын. Тінту барысында олардың үйлерінен тағы 370 мың доллар мен миллиондаған теңге қолма-қол ақша табылған еді.
Цифрлық деректер қауіпсіздігіне төнген қатер
Сот үкімі — Қазақстанның цифрлық кеңістігіндегі жемқорлықтың қаншалықты қауіпті шекке жеткенін көрсеткен ірі прецедент.
Миллиондаған азаматтың дербес еңбек және қаржылық мәліметтері мемлекеттік лауазымды тұлғалардың жеке баюы мен көлеңкелі бизнестің табыс көзіне айналған.
Мемлекет цифрландыруды мақтан тұтып, дербес деректерді қорғау туралы заңдарды күшейтіп жатқанда, сол салаға жауапты бірінші вице-министрлердің жабық ақпаратты саудаға салғаны қоғамда үлкен күмән мен алаңдаушылық туғызды.
Бұл іс шенеуніктер үшін мемлекеттік базалар жеке сауданың алаңы емес екенін, ал цифрлық жүйеге қол сұғып, халық дерегін жеке пайдаға асырғандардың ерте ме, кеш пе темір торға тоғытылатынын айқын дәлелдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







