Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдің кемшілігін сырттай сынаумен шектелмей, оны түзетуге әр азамат үлес қосуы керек деп санайды. Оның пікірінше, Отанға жанашырлық нақты әрекеттен көрінеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіпкер Қазақстанды шетелде немесе ел ішінде жүріп жамандауды дұрыс деп есептемейді. Өйткені елдегі мәселе бір ғана биліктің немесе белгілі бір топтың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуға тиіс. Кемшілікті көрсету маңызды болғанымен, оны шешудің жолын ұсыну одан да құнды.
«Сыртта жүріп те, елдің ішінде жүріп те өз еліңді жамандау дұрыс емес. Жақсы болса да, жаман болса да, Қазақстан – сенің елің. Сондықтан жамандағанша, өзің сол жерін түзетуге тырыс», – дейді Сырымбек Тау.
Оның айтуынша, шетелде тұрып Қазақстанды сынайтын бұрынғы отандастар да, ел ішінде жүріп үнемі жағымсыз пікір айтатын азаматтар да кездеседі. Алайда сынау қоғамды алға бастыруы үшін оның артында жауапкершілік пен нақты ұсыныс тұруы қажет. Елдің жақсы қырын көре білу кемшілікті жасыру дегенді білдірмейді.
Сырымбек Тау әр адам өз саласында адал еңбек етіп, айналасына пайдасын тигізсе, елдің де жағдайы біртіндеп жақсаратынын меңзеді. Кәсіп ашу, жұмыс орнын құру, білім беру немесе қоғамдық бастаманы қолдау да мемлекет дамуына қосылған үлес. Қазақстанды өзгертудің алғашқы қадамы әр азаматтың өзінен басталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







