Алматыдағы инвестициялық форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконгтің белгілі қаржы-өнеркәсіптік алпауыты – Sunwah Group конгломератының төрағасы Цай Гуаньшэньді (Джонатан Чой) қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа қала және халықаралық серіктестік
Кездесудің басты тақырыбы – жаңадан бой көтеріп келе жатқан Алатау (Alatau City) қаласына шетелдік инвестиция тарту және қала құрылысына озық тәжірибені енгізу мәселелері болды. Президент аталған мегаполисті инновация мен қаржының өңірлік орталығына айналдыру міндеті тұрғанын жеткізді.
Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін барлық құқықтық жағдай жасалғанын және мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Sunwah Group портфеліндегі жобалар
Sunwah Group – қаржы, жылжымайтын мүлік, жоғары технологиялар және жасыл энергетика саласында әлемдік тәжірибесі бар ірі корпорация. Цай Гуаньшэнь компаниясының Алатау қаласында заманауи бизнес-кластерлер мен «ақылды» технологияларды енгізуге дайын екенін растады.
Кездесуде логистикалық орталықтар салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, Қытай нарығына шығару жобалары да сөз болды.
Шетелдік инвестордың жоғары бағасы
Гонконгтік кәсіпкер Қазақстандағы реформалар мен бизнеске жасалған қолайлы жағдайды жоғары бағалады. Оның сөзінше, жаңа Конституция мен визасыз режім капитал құюға берік сенім ұялатады.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең қарқынды әрі тұрақты дамып келе жатқан мемлекет. Біз Alatau City жобасының болашағына сенеміз және осы өңірге ұзақ мерзімді инвестиция салуға мүдделіміз», – деді Цай Гуаньшэнь.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







