Маңғыстаудағы төтенше жағдайдың медиада жариялануын талдау биліктің дағдарысты жағдайларда әрекет етудің белгілі бір тәжірибесіне ие болғанын көрсетеді. 24 сағат ішінде мемлекеттік органдар барлық қажетті ақпараттық қадамдарды жүйелі түрде жүзеге асырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қорғаныс министрлігінің Каспийдегі қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпараттық хабарламасы сағат 13:57-де жарияланды. Кейінгі сағаттарда жаңалықтар порталдары қайғылы оқиға туралы толық мәліметтерді, соның ішінде фото және видеоларды таратты. Жасырусыз және бүкпесіз – жағдай қалай болса, солай көрсетілді. Бұл ашықтық пен туралық бастапқы кезден-ақ билікті фактілерді жасырды деп айыптау әрекеттерінің алдын алды.
Мемлекеттік органдар бір реттік ресми хабарламамен шектелмей, іздестіру-құтқару жұмыстарының әр кезеңі туралы хабардар етіп, қоғамды үнемі ақпараттандырып отырды. Мұндай жедел әрі қарқынды ақпарат беру ақпараттық бастаманы өз қолында ұстап тұруға, фейк жаңалықтардың, қауесеттер мен алыпқашпа әңгімелердің таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Қылмыстық іс және үкіметтік комиссия
Алғашқы хабарламадан кейін 16 минут өткенде, сағат 14:13-те Бас прокуратура қылмыстық істің қозғалғаны және жедел-тергеу тобының құрылғаны туралы ресми түрде хабарлады. Сонымен қатар Бас прокуратурада тергеудің ерекше бақылауда екені мәлімделді. Бұл арқылы мемлекет заңдылықты қатаң сақтау қағидатына адалдығын растады.
Сағат 15:11-де билік Үкіметтік комиссияның құрылғаны туралы хабарлама жариялады, комиссия бірден оқиға орнына ұшып шықты. Мемлекет жедел әрекет ету жылдамдығын және төтенше жағдайдың себептерін мұқият анықтауға ниетті екенін көрсетті.
Сағат 16:47-де Ақорда Мемлекет басшысының қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтуын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссия мен мемлекеттік органдарға қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуді және қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл Президенттің жағдайды бірден жеке бақылауына алғанын білдірді.
Қайғылы оқиға болған күні Президент жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Мемлекет басшысы жеке ортақтастығын және жалпыұлттық ынтымақтастықты білдірді.
Күдіктілердің ұсталуы және ашық тергеу
Келесі күні, сағат 09:57-де Бас прокуратура жүргізілген тергеу іс-шаралары, оның ішінде сараптамалар мен жауап алулар туралы хабардар етті. Солардың қорытындысы бойынша алғашқы күдіктілер анықталды. Бұл жаңалық тергеудің созылып кетуі туралы пікірталастарды бірден тоқтатып, құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін көрсетті.
Үш сағаттан кейін, сағат 13:28-де Ішкі істер министрлігі қайғылы оқиғаға жауапты бес лауазымды тұлғаны ұстау кадрлары бар видеоны жариялады. Олардың төтенше жағдайдың себептері мен мән-жайлары анықталғаннан кейін, таңертең ұсталғаны анық. Барлық бес күдіктінің ұсталғаны түсірілген кадрлардың жариялануы құқық қорғау органдары жұмысының жеделдігі мен үйлесімділігін танытты.
Бұқаралық ақпарат құралдарында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты «Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары» ұсталғаны туралы бірдей тақырыптар сериясы жарияланды. Қоғамға кінәлілер қандай жоғары лауазымға ие болса да, жазадан құтылмайтыны туралы нақты белгі берілді.
Осылайша, «іс жылы жауып қойылады» деген қауіптер жоққа шығарылды. Мемлекет заң алдында ешкімнің артықшылығы жоқ екенін көрсетті. Мұндай жағдайларда бұл өте маңызды сигнал.
Қоғамдық бақылау және қолдау шаралары
Сондай-ақ БАҚ тақырыптарында қайырымдылық қаражатын бөлу жөніндегі арнайы комиссияны өңірде сөзсіз қоғамдық беделге ие Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқарғаны тікелей көрсетілгені назар аударады. Сонымен қатар жаңалықтарда мемлекет әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау бойынша міндеттемелерді толық көлемде өз мойнына алатыны атап өтіледі. Бұл арқылы билік өзінің жауапкершілігін, ашықтығын және қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті.
Кешке қарай телеграм-арналарда өңір басшыларының қаза тапқандардың отбасыларына барып, Мемлекет басшысының жеке көңіл айту жеделхаттарын оқып бергені түсірілген фото және видеолар пайда болды.
Осылайша, хабарламалардың уақыты, жаңалықтар тақырыптары, ақпараттандыру қарқындылығы және оның мазмұны биліктің төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету, бастаманы сақтау және жеке ақпараттық күн тәртібін жүргізу қабілетін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







