Биыл Almaty Marathon аясындағы экологиялық бағдарлама бірден бірнеше кезеңде – старттық жиынтықтарды тарату кезінде, жарыс жолында және мәреге жету аймағында ұйымдастырылды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экологиялық алаңның жұмысы
Мәреге жету аймағында Eco Network алаңы жұмыс істеп, қатысушылар мен қонақтарға қалдықтарды бөлек жинау туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ қайта өңдеуге қандай қалдық түрлерін тапсыруға болатыны көрсетілді.
Бағдарлама аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеу үдерісі де көрсетілді. Келушілер пластиктің қалай сұрыпталып, кейін қайта пайдалануға дайындалу үшін ұсақталатынын көрді. Мұнда қайта өңделген шикізаттан жасалған бұйымдар, соның ішінде «Мен Алматыны жақсы көремін» және «Марафонға жүгіремін» топтамаларынан брелоктар ұсынылды.
Балалар үшін қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге арналған экологиялық викториналар мен байқаулар ұйымдастырылды.
Жарыс жолы мен Expo кезеңіндегі тазалық
Қайта өңдеуге жарамды қалдықтар жарыс жолының бойында да жиналды. Су беру нүктелерінде еріктілер пайдаланылған пластик бөтелкелер мен стақандарды жинады. Марафон аяқталғаннан кейін олар сұрыпталып, өлшеніп, қайта өңдеуге жіберіледі.
Жұмыс Almaty Marathon Expo кезінде басталды. Старттық жиынтықтарды тарату күндері Eco Network еріктілермен бірлесіп, картон қораптар мен басқа да қаптама қалдықтарын жинап, кейін сұрыптау және қайта өңдеу үшін өткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







