Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуына байланысты Президент Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылығымен шұғыл кеңес өткізіп, орын алған қайғылы жағдайға қатаң баға берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы жиынды марқұм сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алудан бастап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Олардың жақындарына мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар ведомствоның жаңа басшысы етіп Айдос Мырзахметовті тағайындап, ұжымға таныстырды.
Генералдардың салғырттығы мен жауапсыздығы
Президент бейбіт күнде орын алған ауыр қазаға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде жоғары шенді генералдардың кәсіби біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын ашық айтты. Бас қолбасшы оқу-жаттығудың қандай мақсатпен жоспарланғанынан бастап, дағдарыс сәтіндегі әрекеттердің тиімсіздігіне дейін жіпке тізді.
«Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Осының салдары еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіруде. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, кім бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығуда Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ», – деп қадап айтты Президент.
Құтқару кеудешесіз өткен жаттығу
Жиында сарбаздардың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жағдайда жаттығуға тартылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, жеке құрам тіпті арнайы теңіз құтқару кеудешелерімен де қамтамасыз етілмеген.
Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын, жауынгерлік тапсырманы әзірлеуден бастап орындалуына дейінгі әрбір қадамды бүге-шүгесіне дейін тексеру жүктелді. Мемлекет басшысы жауапты тұлғалардың лауазымы мен әскери шеніне қарамастан заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті.
Әскерді түбегейлі реформалау міндеті
Каспий жағалауындағы төтенше жағдай Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру бастауға негіз болды. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия әскери саладағы қызметті ұйымдастыру, материалдық және қаржылық жабдықтау жұмыстарын түгел тексермек.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесі мен қорғаныс ведомствосына он күннің ішінде әскерді түбегейлі реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жүйені кешенді түрде жаңғыртып, заманауи талаптарға бейімдеу басты басымдық ретінде белгіленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







