Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ауқатты азаматтарға мемлекеттік жәрдемақының қай түрлерін беруден бас тартуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Олардың қатарында 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне және мүгедектікке байланысты төлемдер бар.
Мұқтаждық қағидатымен берілетін төлемдер
Қазіргі уақытта елімізде жәрдемақының 39 түрі тағайындалады. Жаңа тәсіл бойынша олардың 14-і нақты мұқтаждықты ескере отырып берілетін болады:
- бала тууына байланысты;
- 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша;
- марапатталған көпбалалы аналарға (зейнеткерлерді қоспағанда);
- көпбалалы отбасыларға;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға;
- I топтағы мүгедектігі бар адамның күтімімен айналысатын адамға;
- жерлеуге берілетін төлем;
- мүгедектік бойынша жәрдемақы (I, II топтағылар мен балаларды қоспағанда);
- асыраушысынан айырылу бойынша (тұл жетімдерді қоспағанда);
- Тәжік-Ауған учаскесінде, Иракта, Таулы Қарабақта ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге;
- қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына;
- «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы берілген адамдарға;
- «Халық Қаһарманы» атағы берілген адамдарға;
- «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген адамдарға (зейнеткерлерді қоспағанда).
Кімдерге қатысты болады?
Өзгерістер тек Отбасының цифрлық картасы бойынша «А» және «В» санаттарына жатқызылған, яғни әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты деңгейдегі отбасыларға ғана қатысты болмақ.
«Бұл ретте жаңа тәртіп төлемнің нақты түрін ескере отырып қолданылады. Бірақ бұл төлемдердің барлық түріне құқықтың автоматты түрде сақталуын білдірмейді. Егер I топтағы мүгедектігі бар адам тиісті жәрдемақыны алып отырса, бұл төлем сақталады. Ал егер оның басқа төлемге құқығы туындаса – мәселен, баланың тууына байланысты – ол нақты мұқтаждықты ескере отырып тағайындалады. Осылайша, әрбір төлем оны тағайындау негіздемесі мен оған мұқтаждық қағидаты ескеріле отырып жеке қарастырылады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Министрлік бұл өзгерістердің басты мақсаты әлеуметтік көмекті барынша атаулы етіп, оны шын мәнінде мұқтаж жандарға бағыттау екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







