2026 жылдың екінші тоқсанында елімізде халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 410 088 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,0 пайызға өскенін көрсетеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросы таратқан соңғы ресми мәліметке сәйкес, тоқсан ішінде азаматтардың жан басына шаққандағы орташа ақшалай шығыстары 358 584 теңге деңгейінде тіркелді. Ал тұтынуға пайдаланылған жалпы табыс көлемі жан басына шаққанда 362 900 теңгеге жеткен.
Тоқсандық есепке сүйенсек, жан басына шаққандағы табыс 410 088 теңгені, ал шығыс 358 584 теңгені құрады. Тұтынуға пайдаланылған табыстың 98,8 пайызы ақшалай қаражаттан тұрса, 1,2 пайызы жеке қосалқы шаруашылық өнімдері мен заттай жеңілдіктерге тиесілі болды.
Табыс қайдан құралады: негізгі кіріс көздері
Қазақстандықтардың негізгі табыс көзі – еңбек қызметі. Жалпы ақшалай кірістің 72,7 пайызы азаматтардың еңбек табысынан түскен. Оның ішінде жалдамалы жұмыстан алынатын еңбекақы үлесі 64,6 пайызды құраса, өзін-өзі жұмыспен қамту мен жеке кәсіптен келетін кіріс 8,1 пайызды құрады.
Азаматтардың бюджетінде мемлекеттік қолдау төлемдері де салмақты орын алады. Халықтың жиынтық табысының 24,2 пайызы әлеуметтік трансферттерге тиесілі. Атап айтқанда:
- зейнетақы төлемдерінің үлесі – 20,2%;
- мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі мен шәкіртақы – 4,0%.
Сонымен қатар туыстары мен таныстарынан берілетін материалдық көмек пен алименттер табыстың 1,7 пайызын еншілесе, жылжымайтын мүлік пен депозит секілді меншіктен түсетін кіріс үлесі небәрі 0,3 пайыз шамасында қалып отыр.
Өңірлік айырмашылық қандай?
Кіріс құрылымы еліміздің әр өңірінде түрліше қалыптасқан. Жалдамалы жұмыстан және еңбек белсенділігінен түсетін кіріс үлесі әсіресе Атырау облысында (77,6%) және Алматы қаласында жоғары көрсеткішті сақтап отыр.
Ал әлеуметтік трансферттер мен зейнетақы төлемдеріне тәуелділік Жетісу (31,4%) және Абай (30,0%) облыстарында едәуір басым. Мұндай өңірлерде мемлекеттік төлемдер азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдаудың шешуші тетігі ретінде көрініс тауып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






