Қазақстанда 1 қазаннан бастап бір жылдан асатын мерзімге ашылатын шетел валютасындағы жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме 2,5 пайызға дейін көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депозиттерге кепілдік беру қоры бекіткен жаңа көрсеткіш бұған дейінгі 1 пайыздық шектен екі жарым есе жоғары. Белгіленген мөлшерлеме ұсыныс сипатында ғана, яғни әрбір екінші деңгейлі банк өз қаржылық саясатына сүйене отырып, пайыз көлемін дербес анықтайды. Мерзімді және мерзімсіз салымдарға, сондай-ақ 12 айға дейінгі депозиттерге бұрынғы 1 пайыздық шектеу өзгеріссіз сақталды.
Нарықтық реттеуге жасалған қадам
Экономист әрі қаржы сарапшысы Бекнұр Қисықов қабылданған шешімді депозит нарығын кезең-кезеңімен ырықтандыруға бағытталған оң қадам деп бағалайды. Оның айтуынша, жаңа талап валюталық салымдар бойынша жаппай табысты арттырып жібермейді, тек банктерге ұзақ мерзімді салымдар бойынша тартымды өнімдер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаржыгер ережелердің жұмсаруына елімізде дедолларизация саясатының сәтті жүруі негіз болғанын еске салды.
«Шетел валютасындағы ұзақ мерзімді салымдар бойынша шекті мөлшерлеменің 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін өсуі – ең алдымен депозит нарығын нарықтық реттеуге көшіру туралы нақты белгі. Мұнда валюталық депозиттер табысының жаппай өсуі емес, банктердің бәсекеге қабілетті ұсыныстар қалыптастыру мүмкіндігі кеңейгені маңызды. Нақты мөлшерлемені анықтау банктің өз еншісінде қалады. Депозиттердегі доллар үлесінің 2015 жылғы 80 пайыздан қазір 19,2 пайызға дейін күрт азаюы – теңгенің жинақ құралы ретіндегі сенімін айқын дәлелдеп отыр», – деп мәлімдеді сарапшы.
Тәуекел мен кірістің аражігі
Экономист қарапайым салымшылар үшін басты бағдарды ұмытпау керектігін айтады. Валюталық салымдар қоржынды әртараптандыру үшін қажет болғанымен, оның табыстылығын тек қағаздағы пайызбен өлшеу қателікке ұрындыруы мүмкін.
«Халық үшін маңызды бағдар сақталып отыр. Валюталық депозит жинақты әртараптандыру құралы болып қала береді. Бірақ оның кірісін валюталық тәуекелмен және теңге бағамының мүмкін болатын динамикасымен бірге қарастыру керек. Сондықтан валюталық және теңгедегі депозиттерді тек номиналды пайыздық мөлшерлемесіне қарап салыстыру дұрыс болмас еді. Жалпы қабылданған қадамды бір реттік шара емес, біртіндеп ырықтандырудың бастамасы деп қарастырған жөн. Ол банктер бәсекесіне өріс ашып қана қоймай, салымшыларды қорғаудың қолданыстағы жүйесін берік сақтайды», – деп түйіндеді Бекнұр Қисықов.
Тек жаңа келісімшарттарға қатысты
Депозиттерге кепілдік беру қоры жаңа шекті мөлшерлеменің тек 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын келісімшарттарға ғана қолданылатынын нақтылады. Бұған дейін қол қойылған шарттар өз мерзімі аяқталғанға дейін бұрынғы бекітілген талаптар бойынша жұмыс істей береді.
Мамандар жинақты сақтау мен көбейту кезінде ұлттық валютадағы депозиттер инфляция деңгейінен жоғары нақты табыс беретін басты құрал болып қала беретінін еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







