2026 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі бәсеңдеп, 9,3 пайызды құрады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тамыз айында жылдық көрсеткіш 9,8 пайыз болған еді. Ал бір айлық тұтыну бағаларының индексі тамыз деңгейінде сақталып, 0,6 пайыз болып тіркелді.
2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3 пайызға дейін төмендеді. Бір жыл ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға, ал азық-түлік тауарлары 8,5 пайызға қымбаттады.
Күзгі маусымда қандай өнімдер арзандады?
Қыркүйекте жаңа өнімдердің нарыққа шығуына байланысты көкөністер мен кейбір азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай төмендеді. Әсіресе пияз құны бір айда 20,7 пайызға, сәбіз 13,6 пайызға, ал картоп 13,4 пайызға арзандаған.
Сонымен бірге лимон бағасы 13,9 пайызға, баклажан 11,2 пайызға, қырыққабат 10,1 пайызға, тәтті бұрыш 6,5 пайызға төмен түсті. Жеміс-жидектер арасында алма 5,3 пайызға, алмұрт 2,4 пайызға, сарымсақ 1,3 пайызға және банан 0,7 пайызға арзандады. Дүкендерде балалар тағамына арналған ботқалар 6,1 пайызға, құмшекер 1,3 пайызға төмен бағамен сатылды.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығы
Айлық есепте жекелеген тұрмыстық және гигиеналық бұйымдар құны да арзандау жағына қарай өзгерді. Қол кремі 6,9 пайызға, балалар жаялықтары 6,6 пайызға, теледидарлар 5,6 пайызға арзандаған. Ал тұрмыстық техникалар арасында ыдыс жуатын машиналар мен қысқа толқынды пештер құны 1,8 пайызға, жуынуға арналған гельдер 1,4 пайызға төмендеді.
2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда жеңіл автомобильдер құны бір жылда 11,3 пайызға, электр жылытқыштар 9,1 пайызға, ал кондиционерлер 8,7 пайызға арзандады.
Жылдық динамикаға көз жүгіртсек, жеміс-көкөніс өнімдерінен алма былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 11,1 пайызға, лимон 8,3 пайызға, қызылша 6,9 пайызға, қырыққабат 6,1 пайызға, банан 5,6 пайызға және тәтті бұрыш 3,9 пайызға арзан сатылуда. Тұрмыстық бұйымдар ішінде электр еттартқыштар 5,6 пайызға, балалар конструкторлары 2,6 пайызға, медициналық маскалар 1,7 пайызға арзандаған.
Инфляция қалай есептеледі?
Тұтыну бағаларының индексі халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің орташа өзгерісін бақылау арқылы ай сайын шығарылады. Мамандардың мәліметінше, баға бақылауы жалпы саны 537 позиция бойынша тұрақты жүргізіледі.
2026 жылдың қаңтарынан бастап инфляция көрсеткішін анықтауда жаңа үлестік салмақтар енгізілген. Қазіргі есепте азық-түлік тауарларының үлесі 41,1 пайызды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 28,4 пайызды, ал халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің үлесі 30,5 пайызды құрайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







