Биыл 11 желтоқсаннан бастап елорда мен Таиланд астанасы Бангкок арасында тікелей тұрақты әуе рейстері іске қосылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көлік министрлігі мен Air Astana әуе компаниясының мәліметінше, жаңа бағыт бойынша ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері қатынайды. Жолаушылар тасымалы жайлы Airbus A321LR лайнерімен жүзеге асырылмақ. Рейстерге билеттер сатылымы қазірдің өзінде ресми түрде басталды.
Ұшу кестесі мен билет құны
Астанадан Бангкокке дейінгі ұшу ұзақтығы шамамен 7 сағат 50 минутты, ал кері бағытта 8 сағат 25 минутты құрайды. Сейсенбі күнгі рейс елордадан кешкі сағат 21:25-те ұшып, келесі күні таңғы 07:10-да жетеді. Жұма күндері сағат 21:05-те әуеге көтеріліп, сенбі күні таңғы 06:55-те Таиланд астанасына қонады.
Әуе тасымалдаушысының хабарлауынша, екі бағытқа арналған эконом-класс билетінің ең төменгі құны 244 616 теңгеден басталады. Бизнес-класс орындары 969 496 теңгені құрайды.
Жолаушылар билеттерді әуе компаниясының ресми сайты мен қосымшасынан, сондай-ақ туристік агенттіктерден сатып ала алады.
Таиландқа қатынайтын рейстер саны 20-ға жетеді
Жаңа бағыттың ашылуымен екі ел арасындағы әуе қатынасының жиілігі айтарлықтай артады. Қазіргі таңда Қазақстаннан Таиландқа үш бағыт бойынша аптасына 18 рейс орындалып келеді. Атап айтқанда, Алматыдан Пхукетке аптасына жеті рет, ал Бангкокке тоғыз рейс қатынайды. Сонымен қатар Шымкент пен Бангкок арасында аптасына екі рейс жолға қойылған.
Елордадан тікелей қатынастың қосылуы нәтижесінде Қазақстан мен Таиланд арасындағы тұрақты рейстер саны төрт бағыт бойынша аптасына 20-ға дейін көбейеді. Сала мамандары жаңа әуе көпірі екі мемлекет арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды одан әрі жандандыра түседі деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







