Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде (Global Innovation Index 2026) әлемнің 139 экономикасы арасында бірден сегіз сатыға көтеріліп, 81-орыннан 73-орынға шықты. Бұл – елдің соңғы онжылдықтағы ең үздік нәтижесі. Мұндай мәліметтер Женевада өткен Global Innovation Index 2026 алдын ала таныстырылымы барысында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) тарапынан ұсынылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ең үлкен ілгерілеу инновациялық нәтижелер бойынша тіркелді: Innovation Outputs бірден 11 сатыға көтеріліп, 84-орыннан 73-орынға жетті. Ал инновациялардың ресурстық және институционалдық базасын көрсететін Innovation Inputs көрсеткіші 75-орыннан 73-орынға дейін жақсарды.
Нәтижесінде инновациялық қызметке арналған жағдайлар мен оның нақты нәтижелері арасындағы бұрынғы алшақтық іс жүзінде жойылды. Бұған дейін Қазақстан инновациялық жүйенің ресурстары бойынша соңғы шыққан өнім көрсеткішіне қарағанда әлдеқайда жоғары орында тұратын. Енді қос блок та 73-орынға тұрақтады.
ДЗМҰ деректері бойынша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шықты, Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы ішінде екінші орынды, сондай-ақ табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің арасында 17-орынды иеленді.
Рейтингтің өсуіне не ықпал етті?
Бұл ретте рейтингтегі оң динамиканың астарында тек экономикалық көрсеткіштердің өзгеруі ғана тұрған жоқ. 2026 жыл ішінде Қазақстанның Женевадағы Тұрақты өкілдігі ДЗМҰ-мен нақты GII бағыты бойынша тікелей жұмыс жолға қойды. Жыл сайынғы қорытынды орынды сырттай бақылап отырудың орнына, жұмыс нақты индикаторлар деңгейіне, оларды есептеу әдістемесіне және бастапқы деректердің сапасына бағытталды.
Тұрақты өкілдіктің бастамасымен ДЗМҰ сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік органдарымен арнайы консультациялар өткізді. Мұнда жоқ және ескірген статистика, дереккөздер мен елдің жекелеген көрсеткіштері егжей-тегжейлі талқыланды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Тұрақты өкілдік мүдделі мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар дайындады. Негізінде, кез келген халықаралық рейтинг үшін маңызды болып табылатын – экономика ішінде болып жатқан үдерістердің халықаралық деректер базасына дұрыс әрі уақтылы түсуін қамтамасыз ету міндеті орындалды.
Мұнда екі әсердің аражігін ажыратып алу маңызды. Статистика сапасын жақсарту өздігінен жаңа технологияларды, зерттеулерді немесе венчурлық капиталды жасап шығармайды. Алайда елдің қолда бар нәтижелері толық немесе уақтылы көрсетілмесе, оның рейтингтегі орны экономиканың нақты ахуалына сәйкес келмеуі мүмкін. Тұрақты өкілдік пен мемлекеттік органдардың жұмысы осы ақпараттық алшақтықты азайтуға мүмкіндік берді.
Алдағы бағыттар мен міндеттер
Бұдан арғы ілгерілеу одан да терең өзгерістерді талап етеді. GII материалдарында Қазақстан үшін әлеуеті зор өсім бағыттары ретінде ҒЗТКЖ шығындары, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, венчурлық қаржыландыру, инновациялық кластерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету және ғылыми-техникалық жарияланымдар аталған.
Келесі кезең бұдан да күрделі болмақ: бұдан әрі қарай ілгерілеу тек статистиканы нақтылаумен емес, ғылыми зерттеулердің, қаржыландырудың, әзірлемелерді коммерцияландырудың және ғылым мен бизнес байланысының артуымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі секірістің тұрақтылығын дәл осы факторлар айқындайды.
Қазақстан үшін GII 2026 нәтижесі бірден екі өлшемде маңызды. Біріншіден, ДЗМҰ-мен нақты жұмыс пен деректер сапасының арқасында ел халықаралық көрсеткіштер жүйесінде толығырақ көріне бастады. Екіншіден, инновациялық ресурстар мен нәтижелер арасындағы алшақтық айтарлықтай қысқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







