Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында өз алаңында Молдова командасына есе жіберіп, топтағы жағдайын қиындатып алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Астана Арена» стадионында өткен кездесу қонақтардың пайдасына 2:1 есебімен аяқталды. Бұл ойын нидерландтық маман Джон ван ‘т Схип жаттықтыратын Қазақстан құрамасы үшін биылғы маусымдағы алғашқы үй матчы еді.
Ойын қалай өрбіді?
Матчтың алғашқы бөлігі қос тараптың алма-кезек шабуылдарымен басталғанымен, қонақтар қауіпті сәттерді тиімдірек пайдаланды. Бірінші таймның соңында, нақтырақ айтқанда 45+1 минутта Ники Клещенко есеп ашты. Үзілістен кейін де молдовалық футболшылар қысымды бәсеңдетпей, 50-минутта Петру Попеску есепті еселеді.
Алаң иелері сапынан жалғыз жауапты допты 64-минутта қорғаушы Нұралы Әліп соқты. Оған нәтижелі пасты құрама капитаны Бауыржан Исламхан шығарып берді. Нұралы Әліп үшін бұл ұлттық құрама жейдесіндегі алғашқы гол болды.
«Қазақстан құрамасының қорғаушысы Сергей Малый 74-минутта алаңға шығып, ұлттық құрама сапында 76-шы матчын өткізді. Осылайша ол Самат Смақовтың тарихи рекордын қайталады».
Турнир кестесіндегі ахуал
Бұл жеңіліс Қазақстан құрамасының С дивизионы 3-тобындағы қатарынан екінші сәтсіздігі болды. Бұған дейін жерлестеріміз сырт алаңда Фарер аралдарымен тең түсіп (1:1), Словакияға жол берген (1:2) болатын. Үш турдан кейін қоржынында небәрі бір ұпайы бар Қазақстан топтың ең соңғы, төртінші сатысына сырғыды.
Молдова құрамасы осы жеңістің арқасында 4 ұпай жинап, екінші орынға көтерілді. Сонымен қатар қарсыластар өз тарихындағы 17 матчқа созылған жеңіссіз сериясын дәл Астанада үзіп отыр. Молдова командасы соңғы рет 2024 жылдың қараша айында ғана жеңіске жеткен еді.
«Егер жеңіске жете алмасақ, бұл трагедия ретінде қабылданатынын жақсы түсінемін», – деген болатын ойын қарсаңында бас бапкер Джон ван ‘т Схип.
Келесі қарсылас – Фарер аралдары
Қазақстан ұлттық құрамасы қазан айындағы халықаралық ойындар кезеңін тағы бір үй матчымен қорытындылайды. Джон ван ‘т Схип шәкірттері 6 қазан күні «Астана Аренада» Фарер аралдары құрамасын қабылдайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







