Қазақстанда шетелде қолжетімді заманауи дәрі-дәрмектерді табу әлі күнге дейін мұң, ал табылған күннің өзінде оның бағасы он еседен астам қымбатқа сатылып жатыр. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов осы мәселені нақты мысалмен әшкерелеп, тіркеуді жеңілдету туралы қабылданған жаңа заңның іс жүзінде жұмыс істемей тұрғанын сынады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың жеке қабылдауына келген науқасқа дәрігер асқазан дертіне (Helicobacter pylori) қарсы вонопразан препаратын жазып берген. 14 күндік емдік курсқа бар-жоғы 28 таблетка қажет болған.
Баға арасындағы жер мен көктей айырмашылық
Ашық деректерге сүйенсек, дәл осы түпнұсқа препарат (Takeda компаниясының өнімі) Жапонияда шамамен 11 мың теңге тұрады. Малайзияда 30 таблеткалық қорабы 27–30 мың теңге аралығында.
Ал Қазақстанда әлгі дәрі кәдімгі дәріханаларда мүлдем жоқ. «Тапсырыспен алдырамыз» деген делдалдар науқасқа қажет 28 түйірдің орнына 100 таблеткалық қаптаманы 463 мың теңгеге бір-ақ өткізбек болған.
Нәтижесінде науқас дәрінің бір данасына Жапониядағы ресми бағадан 12 есе артық төлеуге мәжбүр. Не емнен бас тартуы керек, не қажетінен төрт есе көп дәріні сатып алып, жарты миллион теңгесін санап беруге тиіс.
Қағаздағы реформа өмірге өтпей отыр
Шыны керек, биыл Парламент беделді халықаралық ұйымдар, соның ішінде АҚШ-тың FDA агенттігі мақұлдаған сапалы дәрілерді елге әкелу мен тіркеуді жеңілдететін заң қабылдаған еді. Алайда қағаздағы реформа өмірге өтпей отыр.
«Егер заманауи препараттар дәріханаларда әлі де жоқ болса, ал азаматтарымыз оны шетелден іздеп немесе еселеп артық ақша төлеуге мәжбүр болып отырса, демек, жаңа тетік әлі ойдағыдай іске қосылмаған», — дейді Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, мәселе тек құжатта емес. Сұранысқа ие дәрілерді анықтап, өндірушілермен тікелей жұмыс істеп, науқастарды тонауға жол бермеу қажет. Мәселе алдағы Құрылтайда көтерілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







