Қазақстанның спорттық робототехника бойынша ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өтіп жатқан FIRST Global Challenge 2026 халықаралық жарысында чемпиондық атақ үшін күресін жалғастыруда. Қазіргі уақытта қазақстандық команда 185 елдің арасында 4-орында тұр. Чемпионаттың аяқталуына бір күн қалды, сондықтан жүлделі орындар үшін тартыс әлі жалғасуда және отандық робототехникашылардың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қаласындағы Ганди атындағы №92 мектеп-лицейі мен Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның бес оқушысы әлемнің түкпір-түкпірінен жас инженерлерді біріктіретін робототехника бойынша ең ірі халықаралық жарыстардың бірінде Қазақстанның намысын қорғауда.
Жарыс тақырыбы және команда құрамы
Чемпионат 7-10 қазан аралығында өтуде. 2026 жылғы маусымның тақырыбы қазіргі заманның өзекті экологиялық мәселелерінің бірі — орман өрттеріне арналған. Қатысушылар орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге байланысты тапсырмаларды орындайтын роботтарды жобалап, құрастырып, бағдарламалайды. Техникалық дағдылармен қатар, командалар стратегиялық ойлау қабілетін, үйлесімді жұмыс істеу және басқа елдердің өкілдерімен ынтымақтаса білу дағдыларын көрсетуі тиіс. Себебі жарыс ережелері командалық жұмыс пен өзара тәуелділік қағидатына негізделген.
Қазақстан құрамасының сапына 9-10-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали, Арнұр Абдулла және Ерасыл Ендібай енді. Ұлттық құраманың жаттықтырушылары — Асылбек Мурзахметов, Нұрдаулет Досмағамбет, Нұрсұлтан Ергеш және Дарманбек Наурызбаев.
Қазақстан құрамасы — FIRST Global Challenge жарысының төрт дүркін чемпионы. Өткен жылдары еліміздің жас инженерлері әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Қазақстан үшін халықаралық технологиялық жарыстарды өз алаңында өткізу мүмкіндігі де ерекше маңызға ие. FIRST Global Challenge чемпионатын Қазақстанда ұйымдастыру әлемнің түкпір-түкпірінен жас инженерлерді елімізде біріктіруге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ робототехника мен жасанды интеллектті дамытуға қосымша назар аударуға мүмкіндік берер еді.
Министрліктің қолдауы
«Біз ұлттық құрамамыздың нәтижелеріне және жас қазақстандықтардың халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүргеніне тәнтіміз. Бұл жетістіктердің артында талант, табандылық, инженерлік ойлау қабілеті, балалардың өздері мен тәлімгерлерінің үлкен еңбегі жатыр. Қазақстан үшін келесі маңызды қадам — FIRST Global Challenge чемпионатын келесі жылы өз елімізде өткізу. Бұл біздің технологиялық қауымдастық, жас инженерлер және робототехника мен жасанды интеллектті дамытып жүрген барша азаматтар үшін үлкен оқиға болар еді», — деп Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде атап өтті.
Ұлттық құрама «USTEM Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ұлттық іріктеу нәтижесінде жасақталды. Іріктеу Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің және Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендінің қолдауымен өтті.
Финалға бір күн қалды. Қазақстан құрамасы жоғары орындар үшін күресін жалғастыруда. Чемпионаттың қорытынды нәтижелері әлі алда. Әлемдік аренада еліміздің намысын қорғап, Қазақстанды тағы да чемпиондық атаққа жеткізуге ұмтылып жатқан жас робототехникашыларымызға қолдау көрсетейік!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






