Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Балқаш қаласының жүйе құраушы кәсіпорындарының тыныс-тіршілігімен танысты. Үкімет басшысы «Қаратас» мыс кен орны мен «Kazakhmys Smelting» зауытына барып, өңірдегі металлургия өндірісін жаңғырту және стратегиялық геологиялық барлау жұмыстарының барысын бағамдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қарағанды облысында өндірістік дамудың оң қарқыны сақталып келеді. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша аймақтағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3, 7 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4, 7 пайызға ұлғайды. Өңір өңдеу өнеркәсібі өнімінің жалпы көлемі жағынан елімізде екінші орында тұр.
Кен орындарын игеруде мемлекет жаңа стратегиялық бағытқа көшті. Бұған дейін жер қойнауы шикі күйінде жеке қолдарға берілсе, қазір «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы лицензия алып, барлау жұмыстарын дербес жүргізеді және нақтыланған қорларды мемлекеттік балансқа қояды. Жоба белгілі бір дайындық деңгейіне жеткен шақта ғана шетелдік инвесторлар тартылады. Мұндай тәсіл кеніштердің нарықтық құнын арттырып, мемлекет үшін ең тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда «Қазгеология» еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым болатын учаскелерде бұрғылау және аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 20 негізгі учаскеде жоғары дәлдіктегі ауқымды зерттеу жұмыстары басталды.
8 тонна алтын, 150 мың тонна мыс және жасанды интеллект
«Тау-Кен Самұрық» компаниясының басқарма төрағасы Нариман Әбсәметов өңірдегі барлау нәтижелері туралы есеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы үш лицензия алынып, алтын, мыс және сирек кездесетін металдар кен орындарында кешенді жұмыстар басталған.
Атқарылған жұмыстардың арқасында бүгінде 8 тоннадан астам алтын мен 150 мың тонна мыс қоры ресми түрде расталды. «Қаратас» жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0, 35 пайыздан 0, 46 пайызға дейін өскені анықталды. Қазір сынама алу мен гидрогеологиялық зерттеулер жалғасуда.
Геологиялық барлау саласына алғаш рет цифрлық жаңалықтар мен жасанды интеллект енгізіле бастады. Бұрғылау кезінде шығарылатын тау жыныстарын (керндерді) автоматты түрде талдайтын жасанды интеллект жүйесі Жосабай кен орнында сыналған. Қазіргі таңда алгоритмнің дәлдігі 80 пайызды құраса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жеткізілмек. Бұл жаңашылдық құжаттарды рәсімдеу мерзімін қысқартып, мамандардың жұмыс өнімділігін айтарлықтай арттырады.
Геологиялық салаға 500 миллион доллар бағытталады
Сапар соңында Олжас Бектенов геологиялық саланы мемлекеттік қолдау бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін мәлімдеді. Тек мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемі он есеге ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен 500 миллион долларды құрамақ.
Үкімет басшысы жауапты ведомстволарға аса маңызды стратегиялық минералдар қорын ұлғайтуды, геологиялық деректер базасын жедел цифрландыруды және инвесторлар үшін жер мен инфрақұрылымға қатысты кедергілерді жоюды тапсырды. «Тау-Кен Самұрық» компаниясына «Қаратас» пен «Жосабай» учаскелерінің сәтті тәжірибесін өзге де перспективалы аймақтарға таратып, жаңа кеніштерді өнеркәсіптік игеруге тезірек кірісу жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!



