Шығыс Қазақстан облысында өткен «Шығыс салбурыны – 2026» І Азия кубогы мәресіне жетіп, қаршыға мен бүркіт баптаған ең үздік саятшылар марапатталды. Екі күнге созылған дүбірлі халықаралық додаға 10 мемлекеттен 170-тен астам құсбегі қатысып, ата-бабадан жеткен байырғы өнердің озық үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаршыға ұшыру: Түркістандық саятшының жеңісі
Сайыс барысында дала төсін қанатымен тілгілеген қырандардың жүйріктігі мен құсбегілердің баптау шеберлігі таразыға түсті. Қаршыға ұшыру бәсекесінде Түркістан облысының намысын қорғаған Махмұдхан Зәкидің құсы оқ бойы озық шығып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Жамбыл облысынан келген Бабажан Берікболсынға бұйырса, үшінші орынды Шығыс Қазақстанның атынан сынға түскен Мүбәрак Халифа мен астаналық Ерасыл Серікболұлы өзара бөлісті.

Түркістандық жеңімпаз доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және саятшылық өнердің жастар арасында қайта жаңғырып келе жатқанын атап өтті.
– Қаршығам жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленгеніме қуаныштымын. Осындай ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, әр өңірдің құсбегілерін бір алаңға жинаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бұл сайыс – ата-бабамыздан қалған саятшылық өнерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттаудың тамаша мүмкіндігі, – деді жеңімпаз Махмұдхан Зәки.
Бүркіт салу: Жамбыл өңірінің мерейі
Қыран бүркіттердің сыны да аса тартысты өтті. Жемтігін жазбай танитын алып құстардың сайысында Жамбыл облысының өкілі Серікболсын Жалғасұлы топ жарып, Азия кубогының бас жүлдесіне қол жеткізді. Екінші орынға Астана қаласынан келген Ерасыл Серікбекұлы көтерілді. Ал жүлделі үшінші орынды ақмолалық Тастанбек Бергенбай мен Алматы қаласының атынан қатысқан Аяжан Даниярқызы иеленді.

Ұлттық мұра және халықаралық қызығушылық
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев шараның тарихи және мәдени маңызына тоқталып, саятшылық өнердің халықаралық байланыстарды бекемдей түсетінін жеткізді. Оның пайымдауынша, жарысқа шетелдік шеберлердің көптеп жиналуы көшпелілер мәдениетіне деген жаһандық сұраныстың артқанын аңғартады.
– «Шығыс салбурыны» – халқымыздың бай мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртатын маңызды шара. Биылғы жарысқа он елден 170-тен астам құсбегінің қатысуы саятшылық өнерге деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ауқымды бәсекелер құсбегілік дәстүрді кеңінен насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға да ықпал етеді. Біздің міндетіміз – ата-бабадан аманат болған осы асыл мұраны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу, – деді Айдар Садырбаев.
Қансонар салбурынының салтанаты
Фестиваль тек қыран құстардың жарысымен шектелген жоқ. Азия кубогының аясында қазақы тазылардың жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу және алып күш иелері сынға түскен «Толағай» сайысы өтіп, жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.

Қансонар кезеңіне тұспа-тұс келген бұл мейрам қазақтың ежелгі аңшылық мәдениетін, жүйрік ат пен қыран құстың қадірін асқақтатқан нағыз ұлттық рух алаңына айналды. Мұндай бәсекелер келер ұрпақтың төл тарихына құрметпен қарап, ұлттық өнерді әлемдік деңгейде танытуына берік негіз қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!


