Қазақстанның барлық аймағында отандық фермерлерді қолдауға және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қарқынды өтуде. Қыркүйектің ортасында басталған сауда күндерінің алғашқы үш аптасында 13 мың тоннадан астам өнім тұтынушыларға жол тартты. Демалыс күндері ұйымдастырылатын сауда сөрелері жыл бойы тұрақты жұмыс істейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Демалыс күндері өтетін жәрмеңкелердің басты ерекшелігі – бағаның нарықтағы орташа көрсеткіштен шамамен 20 пайызға төмен болуында. Оған өнімдердің алыпсатарларсыз, тікелей шаруа қожалықтарынан жеткізілуі себеп болды.
Ортадағы делдалдар санының қысқаруы бір жағынан қарапайым халықтың қалтасына түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан шаруаларға өз өнімін әділ бағамен сатуға және өңіраралық тікелей сауда байланыстарын нығайтуға жол ашты.
Бір аптада 3, 5 мың тонна тауар ұсынылды
Тек осы аптаның өзінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі сауда алаңдарына 3, 5 мың тонна азық-түлік жеткізілді. Оның негізгі үлесі күнделікті тұтынатын маңызды тауарларға тиесілі:
Көкөністер мен бақша өнімдері – 1, 7 мың тонна;
Ет және ет өнімдері – 785 тонна;
Сүт және сүт өнімдері – 285 тонна.
Бұдан бөлек, сөрелерге құс еті, балық, макарон, ұн, нан және түрлі бакалея өнімдері молынан қойылды.
Елордаға Түркістан мен Батыс Қазақстаннан 600 тонна өнім келді
Осы демалыс күндері Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының диқандары мен малшылары арнайы жәрмеңке өткізуде. Елорда базарларына қос өңірден 600 тоннадан астам өнім тиелген керуен келді.
Атап айтқанда, Түркістан облысынан 260 тонна бау-бақша мен көкөніс, 60 тонна ет өнімдері және 60 тоннадан астам сүт тағамдары әкелінді. Ал Батыс Қазақстан облысының шаруалары елордалықтарға 50 тоннаға жуық ет, 80 мың дана жұмыртқа, 11 тонна балық өнімдерін ұсынды.
Мұндай сауда шаралары аймақтар арасындағы тауар алмасуды жандандырып қана қоймай, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оң әсер етуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!



