Қазақстанда «Қазреестр» жүйесі арқылы үлестік қатысу шарттарын онлайн режімде электронды түрде жасасу мүмкіндігі енгізілді. Бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін және не үшін қажет екенін түсіндіреміз, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазреестр» дегеніміз не?
Бұл – үлестік қатысу шарттары мен олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды орталықтандырылған есепке алуды жүргізуді көздейтін мемлекеттік ақпараттық жүйе.
Қолданыстағы заңнама құрылыс кезеңінде үлестік тұрғын үйді сатуға тек құрылыс салушының уәкілетті компаниясы мен үлескер арасында бекітілген үлгілік нысан бойынша үлестік қатысу шарттарын жасасу арқылы ғана рұқсат береді. Жақында ғана мұндай шарттар тек қағаз түрінде жасалса, енді оларды электронды түрде жасасу және тіркеу мүмкіндігі енгізілді. Мұны eGov Mobile қосымшасында ЭЦҚ немесе QR-код көмегімен онлайн режімде жасауға болады.
Шартты тіркеу не үшін қажет?
Ең алдымен, бұл – алаяқтықтан қорғау тетігі. Жосықсыз құрылыс салушылар үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды жасыратын және әлеуетті сатып алушылардың қызығушылығын арттыратын түрлі маркетингтік айла-тәсілдер ойлап табады. Атап айтқанда, бұл салынып жатқан баспананың тым төмен бағасы, сондай-ақ сатып алушыға тиімді көрінетін бөліп төлеу, брондау, жеңілдіктер мен жылдам сатуға бағытталған түрлі акциялар жүйесі.
2023 жылы жүргізілген нарық талдауына сәйкес, үлестік құрылыс нысандарының 68%-ында азаматтардың қаражаты заңнама талаптарын бұза отырып тартылған.
Мұндай нысанның құрылысы тоқтаған жағдайда, инвестициялау, резервтеу шартын немесе үлестік қатысу шарты болып табылмайтын басқа құжат жасасқан азаматтар салған қаражатынан айырылып, баспанасын ала алмай қалу қаупіне тап болады.
Үлестік тұрғын үй сатып алу кезінде тек үлестік қатысу шарты ғана заңды құжат саналатынын есте ұстаған жөн. Ал алдын ала брондау шарты, резервтеу немесе инвестициялау шарты сияқты басқа түрлері заңды болып табылмайды және осындай шарттарды жасасқан азаматтар үлестік құрылысқа қатысушы болып есептелмейді. Сәйкесінше, олар құрылыс салушы мерзімді ұзақ уақыт бойы сақтамаған немесе бір пәтер бірнеше адамға сатылып кеткен жағдайда өз құқықтарын қорғай алмайды.
Бұл ретте «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң құрылыс салушылардың үлескерлерден ақшаны тек жергілікті атқарушы органның рұқсатын немесе «ҚТК» АҚ кепілдігін алғаннан кейін ғана тартуына болатынын нақты бекітеді.
Шартты онлайн қалай жасасуға болады?
Заң талаптары бойынша, қол қойылғаннан кейін үлестік қатысу шартын уәкілетті компания «Қазреестр» арқылы жергілікті атқарушы органға тіркеуге жіберуі тиіс. Бұл орайда шарт тіркелгеннен кейін үлескерге жасалған мәміленің заңдылығын растайтын үзінді көшірме берілуі керек.
Шартты онлайн жасасу кезінде рәсім айтарлықтай жеңілдейді. Оны тіркеу мерзімі 3 күннен бірнеше сағатқа дейін қысқарады. Тіркеуден кейін үлескер электронды поштасына электрондық ҮҚШ файлын және үзінді көшірмені автоматты түрде алады.
Жүйеде құрылыс салушылар мен уәкілетті компанияларды тіркеу тәртібі де оңтайландырылды. Бұрын жеке кабинет ашу үшін құрылыс салушы жергілікті атқарушы органға ресми жүгініп, 5 жұмыс күніне дейін жауап күтетін болса, қазір тіркеу жүйеде дербес жүргізіледі. Сондай-ақ құрылыс салушы уәкілетті компания үшін жеке кабинетті өзі аша алады.
Үлестік құрылыс нысаны бойынша мәліметтерді толтыру да жеңілдетілді – мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау арқылы ақпаратты толтыру автоматтандырылып, деректерді енгізу кезінде толыққанды форматтық-логикалық бақылау енгізілді. Пайдаланушы интерфейсі толық жаңартылып, бұрыс ақпарат енгізу қаупі азайды. Бұл бағыттағы толық мәліметпен The Tenge материалынан танысуға болады.
Шарт жасасудың цифрлық форматы мемлекеттік қызметті алу мерзімін қысқартып, жүйеде қателіктер жіберу қаупін жояды және процеске қатысушылар арасындағы артық құжат айналымын болдырмайды. Бұған қоса, азаматтардың өздері мәміле жасасқалы отырған компанияны тексеру мүмкіндігі бар: жүйеде құрылыс салушының үлескерлер қаражатын тартуға рұқсаты бар-жоғы көрсетілген, бұл болашақта нысан құрылысы тоқтап қалу қаупін азайтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







