Алматыда басталған Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық форумында еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа генерация көздерін іске қосу жоспары таныстырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиында энергетика вице-министрі Ержан Ертаев баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер мен дамудың негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта республиканың энергожүйесінде 254 генерация көзі жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 172 нысан жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Еліміздегі электр станцияларының белгіленген жалпы қуаты 27,1 ГВт-ты құрайды.
Өндіріс көлемі рекордтық деңгейге жетпек
Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде электр энергиясын өндіру тарихи ең жоғары межеге жетіп, 123,1 млрд кВт·сағатты құраған еді. Салалық ведомство биыл да осы қарқынды сақтап қалуды көздеп отыр.
Болжам бойынша, 2026 жылдың қорытындысында электр өндірісі 126,5 млрд кВт·сағатқа дейін ұлғаймақ. Тұтынушылар мен өнеркәсіп тарапынан өсіп келе жатқан сұранысты дер кезінде өтеу үшін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын жүзеге асыруда. Бұл құжат аясында шамамен 26,3 ГВт жаңа және жаңғыртылған қуаттар пайдалануға берілмек.
Тапшылықтан профицитке: 2027 жылдан кейінгі өзгеріс
Энергетика саласындағы басты жаңалық — елдегі энергия тапшылығының толық шешілу мерзіміне қатысты болды. Вице-министрдің дерегінше, 2027 жылдан бастап іске қосылатын жаңа қуаттар экономиканың қажеттілігін толық жауып, кейін профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін ел бойынша 13,3 ГВт жаңа қуатты желіге қосу жоспарланған. Бұл қадам халықты үздіксіз жарықпен қамтып қана қоймай, кез келген күтпеген жағдайға төтеп беретін сенімді резерв құруға жағдай жасайды. Сонымен бірге электр энергиясын сақтау және жинақтау жүйелерінің құқықтық, экономикалық тетіктері әзірленіп жатыр.
Көмір генерациясы: 8 жаңа нысан және станцияларды жаңғырту
Министрлік ұлттық жоба аясында базалық қуат көзі саналатын көмір генерациясын жаңғыртуға айрықша мән беріп отыр. Бұл бағытта жалпы көлемі 7,8 ГВт қуатты пайдалануға беру және жаңарту көзделген.
Жоба шеңберінде жиынтық қуаты 5,3 ГВт болатын 8 жаңа нысан салынады. Бұған қоса, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған 11 станцияны кеңейту және техникалық қайта жарақтандыру есебінен тағы 2,5 ГВт қуат қосылады.
Алматы мен оңтүстік өңірдің энергия торабы қалай күшейтіледі?
Алматы қаласы мен оңтүстік аймақтың энергетикалық қауіпсіздігі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып қала береді. Ведомство қаланы жеке өңір ретінде емес, бүкіл энергетикалық жүйе үшін стратегиялық басымдық ретінде белгілеген.
«Министрлік Алматыны жекелеген өңірлік мәселе емес, бүкіл энергетикалық жүйе үшін маңызды басымдық ретінде қарастырады. Қалада көмір станцияларын жаңғырту және бу-газ қондырғыларын салу арқылы 1 ГВт-қа жуық қуат іске қосылады», – деп мәлімдеді Ержан Ертаев.
Сонымен бірге KEGOC компаниясы оңтүстік аймақты сенімді энергиямен қамтамасыз ету мақсатында «Шу — Жамбыл» желісін салып жатыр. Қазір мамандар «Солтүстік — Оңтүстік» тұрақты ток желісінің құрылыс жобасын да пысықтауда. Бұл шаралар алдағы жылдары оңтүстік өңірлердегі жүктемені айтарлықтай жеңілдетпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







