Отандық лоукостерде рейс уақытын өзгерту құны бастапқы билет бағасынан да асып түсуі мүмкін. Әлеуметтік желіде FlyArystan баға саясатына қатысты жеке тәжірибесімен бөліскен Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов Алматыға алынған 40 мың теңгелік билеттің ұшу мезгілін ауыстыру үшін компания тағы 50 мың теңгеге жуық қаражат талап еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Билет құнынан асатын қосымша төлем
Депутаттың айтуынша, билетті сатып алғаннан кейін сапар уақытын сәл кешірек мерзімге шегеру қажеттілігі туындаған. Алайда әуекомпания жүйесі қосымша үстемақы ретінде бастапқы билеттен де қымбат соманы көрсеткен. Халық қалаулысы тасымалдаушының осындай қатаң тарифтік талаптарына шүйлікті.
«Билет құны 40 мың, ал оны өзгерту тағы 50 мың теңге. Сонда лоукостер қайда? Қолжетімді ұшу қайда? Мұндай шарттар жолаушылар үшін қаншалықты әділетті? Лоукостер тек жарнамада емес, шынайы өмірде де халыққа қолжетімді болуы керек», – деп жазды Алмас Мұхаметов Threads парақшасында.
Парламентарий бұл мәселені жеке оқиға аясында ғана қалдырмай, жүйелі түрде тексеретінін айтты. Оның сөзінше, 29 қыркүйекте әуе тасымалдаушыларының қатысуымен жиын өткен. Сол кездесудің қорытындысы бойынша FlyArystan басшылығына билет бағасын белгілеу, айыппұл санкциялары, билетті қайтару мен ауыстыру ережелеріне және жолаушы құқықтарына қатысты 80-ге жуық нақты сауал жолданған. Депутат ресми жауап бір айға созылып, тек 30 қазан күні берілетініне де наразылық білдірді.
Әуе тасымалдаушысы қалай жауап қатты?
Көп ұзамай депутат сынына FlyArystan өкілдері жауап беріп, классикалық лоукостер моделінің ерекшеліктерін түсіндірді. Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, жолаушылар қосымша қызметтерді өз қалауы бойынша жеке-жеке таңдай алады. Сонымен бірге орындар ертерек брондалса, билеттердің базалық бағасы қолжетімді болатыны айтылды.
Дегенмен әуе тасымалдаушысы рейс уақыты жақындаған сайын және жолаушылар ағыны көбейгенде баға бірден өсетінін жасырмады. Ұшу уақытына, сұраныстың қарқыны мен бортың толу көрсеткішіне байланысты нақты бағыттардағы тарифтер күрт шарықтауы мүмкін.
Компания өкілдері брондау шарттарын өзгерту тетігіне де арнайы тоқталды.
«Ұшу күні мен уақытын ауыстырған кезде тиісті комиссиялық алым ұсталып, бастапқы тариф пен жаңа сатып алынатын билет арасындағы баға айырмашылығы қосымша төленеді».
Әуе қызметінің тоқтаусыз қымбаттауы
Депутаттың дауы тұтынушылар арасында орынды сұрақ туғызғанымен, елімізде авиациялық тарифтер жалпы өсім динамикасын көрсетіп келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы шілде айында әуе көлігімен жолаушылар тасымалдау қызметінің құны маусыммен салыстырғанда бірден 3,2 пайызға көтерілген.
Ал жылдық көрсеткіш бойынша өсім 10,8 пайызға жетті. Биылғы ең қарқынды қымбаттау наурыз және сәуір айларында тіркеліп, баға индексі тиісінше 106,6 және 105,4 пайызды құраған еді. Маусымда бәсеңдеген тарифтер жазғы демалыс кезінде қайта шарықтады.
Сарапшылар бағаның үздіксіз қымбаттауын бірнеше себеппен байланыстырады. Басты факторлар қатарында демалыс маусымындағы сұраныс салдарынан халықаралық әуежайларда авиакеросин бағасының өсуі мен ұшақтарға техникалық-инженерлік қызмет көрсету шығындарының артуы аталады. Сондай-ақ қымбатшылыққа қарамастан елімізде жолаушылар легі тоқтаған жоқ: жылдың алғашқы жартысында қазақстандық әуе компаниялары 7,4 миллион жолаушы тасымалдап, көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 2,6 пайызға артты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






