Қазақстанда сегіз ай ішінде зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 миллиард теңгені құрап, жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 624,7 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған қаржылық тетіктің ерекшеліктері мен шарттарын түсіндірді. Ведомство мәліметінше, зейнетақы аннуитеті – жинақталған қаражатты өмірді сақтандыру компаниясына тапсыру арқылы өмір бойы тұрақты төлем алып отыруға мүмкіндік беретін құрал.
Төлемдер қай жастан бастап тағайындалады?
Сақтандыру шартын бекіту үшін азамат белгіленген жас межесіне жетуі және оның шотында жеткілікті зейнетақы жинағы болуы шарт. Талап етілетін сома әр адамның жасына және келешектегі төлемдер көлеміне байланысты жеке есептеледі.
Дереу төленетін зейнетақы аннуитеті биыл ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 53 жастан бастап қолжетімді. Егер азамат үшін кемінде 60 ай көлемінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған болса, шотында жеткілікті қаражаты бар жағдайда ол тұрақты төлемді 50 жасынан бастап рәсімдей алады.
«Азаматқа аударылған төлемдердің жалпы сомасы бастапқы берілген қаражаттан асып кетсе де, сақтандыру компаниясының міндеттемесі тоқтатылмайды және қаржы өмір бойы төлене береді».
Кейінге қалдырылған аннуитет және жыл сайынғы индексация
Қазақстанда кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін ресімдеу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай шартты жалпы санаттағылар 45 жастан, ал кәсіптік жарналары 60 айдан кем емес төленген азаматтар 40 жастан бастап жасаса алады. Төлемдердің өзі заңнама мен шартта белгіленген жасқа жеткен соң аударыла бастайды.
Еңбек министрлігінің нақтылауынша, зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер жыл сайын міндетті түрде өсіп отырады. Заңнамаға сәйкес, индексация мөлшерлемесі 8 пайыздан төмен болмауы тиіс.
Мұрагерлік құқығы мен жұмысты қатар жалғастыру
Зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем кезеңін белгілеуге болады. Егер азамат сол мерзім аяқталғанға дейін қайтыс болса, қалған төлемдер шартта көрсетілген адамдарға немесе заңды мұрагерлеріне төленеді. Аталған тетік БЖЗҚ-дағы шотта сақталатын зейнетақы мұрагерлігінен өзгеше тәртіппен жүзеге асады.
Аннуитеттік төлемдерді ала бастаған адамның еңбек қызметін әрі қарай жалғастыруына толық құқығы бар. Алайда сақтандыру шартын бекіту мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақыны мерзімінен бұрын тағайындауды білдірмейді. Мемлекеттен берілетін зейнетақы жалпыға ортақ жасқа толғанда тағайындалады. Сондықтан мамандар құжатқа қол қоймас бұрын бірнеше компанияның шарты мен ұсыныстарын мұқият салыстыруды ұсынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







