Алдағы үш тәулікте, 22–24 қазан күндері Қазақстан аумағында ауа райы құбылып, өңірлерде нағыз күзгі суық пен алғашқы күшті аяз орнайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағына жаңбыр мен қар әкелген циклонның орнын суық антициклон басады. Соның салдарынан алдымен батыс өңірлерде, одан кейін елдің басқа да барлық аймақтарында жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы айтарлықтай төмендейді.
Солтүстік пен шығыста ауа температурасы -10 градусқа дейін түседі
Қазгидрометтің болжамына қарағанда, суық ауа массаларының ығысуы солтүстік және шығыс облыстарда бірден байқалады. Бұған дейін нөлден жоғары болып тұрған түнгі көрсеткіштер күрт төмендейді.
«Жаңбыр мен қар әкелген циклонның орнына суық антициклон келеді. Түнгі сағаттарда солтүстік пен шығыс облыстарда термометр бағанасы 0…+5 градустан -5…-10 градусқа дейін төмендейді», – деп нақтылады синоптиктер.
Оңтүстік өңірлер де қыстың жақындағанын сезінеді
Күзгі салқын тек солтүстік пен шығыс өңірлермен шектелмейді. Мамандардың хабарлауынша, тіпті республиканың оңтүстік аймақтарының тұрғындары да алдағы тәуліктерде қыстың лебін анық байқайды.
Оңтүстікте түнгі уақытта сынап бағанасы -2…-7 градусқа дейін түссе, күндіз ауа температурасы небәрі +2…+7 градус шамасында ғана жылы болады. Ауа райының бұлайша күрт суытуы көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызуы мүмкін болғандықтан, мамандар қысқы дөңгелектерге көшуге кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







