Жетісу облысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қалалық ортаны жайлы етуге және елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтауға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өңір дербес облыс мәртебесін алған төрт жылдың ішінде жүздеген аула ретке келтіріліп, ондаған көпқабатты үйдің қасбеті мен шатыры күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өңірдегі ауқымды жаңғырту көрсеткіштері
Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, 2023–2025 жылдар аралығында облыс бойынша 289 аула аумағы мен 233 балалар және спорт алаңы толық абаттандырылды. Сонымен қатар 249 көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті қалпына келтіріліп, заманауи сипатқа ие болды.
Өңірде үш жыл ішінде 289 аула мен 233 балалар және спорт алаңы жаңартылып, 249 көппәтерлі үйдің қасбеті жөнделді. Биыл тағы 148 баспана жаңарады.
Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар биыл да жалғасын табуда. 2026 жылы өңірде қосымша 25 ауланы, 17 ойын алаңын кешенді түрде жаңарту және 148 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті мен шатырын жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс қарқыны әсіресе Текелі қаласы мен Панфилов ауданында айқын байқалады.
Текелідегі «жапон үйлерінің» екінші тынысы
Текелі қаласындағы Әуезов көшесінің бойында орналасқан көппәтерлі баспаналар жергілікті халық арасында «жапон үйлері» деген атпен танымал. Өткен ғасырдың ортасында бой көтерген осынау ғимараттар беріктіктің үлгісі саналғанымен, уақыт өте келе жаңғыртуды қажет еткен еді. Бүгінде тұрғын үйлердің қасбетін күрделі жөндеу шаралары қызу жүріп жатыр.

Құрылыс учаскесінің жетекшісі Нұрбол Беккәрімовтің түсіндіруінше, жоба тек сыртқы көріністі бояумен шектелмейді. Басты мақсат — құрылыстың беріктігін күшейту. Шеберлер жұмысты іргетасты нығайтудан бастап, жаңа сылақтың берік тұруы үшін арматуралық торлар қолдануда. Қазір бес үйде құрылыс сатылары құрылып, екі ғимаратта декоративті сұйық травертин жағу кезеңі жүріп жатыр. Аталған материал жергілікті климаттың қаталдығына төзімді, күнге оңбайды әрі сәулеттік салтанат сыйлайды.
«Құрылысшылар жұмысты адал атқарып жатыр. Бұл жай ғана косметикалық жөндеу емес, ескі сылақ түгел алынып, аязға төзімді заманауи материалдар төселуде. Жетпіс жылдық тарихы бар үйлеріміз көркейіп қалды», – дейді жергілікті тұрғын Татьяна Загуменко.
Сонымен қатар баспаналардың балкондары бірыңғай дизайн стандартына сәйкестендіріліп, іргелес жатқан аулалары ретке келтірілуде. Нысандарда 27 білікті маман мен арнайы техника үздіксіз еңбек етуде. Жобаны алдағы үш-төрт ай көлемінде толық аяқтау көзделген.
Жаркенттегі 12 көпқабатты баспана жаңаруда
Осындай кешенді жұмыстар Панфилов ауданында да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұнда тұрғын үйлердің энергия үнемдеу тиімділігін көтеруге басымдық берілген. Атап айтқанда, Жаркент қаласының орталық Жібек жолы даңғылында 1985–1993 жылдары тұрғызылған 12 көппәтерлі үйдің шатыры мен қасбеті күрделі жөндеуге жабылды.
Аудан орталығының шығыс бөлігін қайта құру жұмыстары да 40 пайызға орындалды. Көше жиектері кеңейтіліп, сәулетті арка орнатылды, заманауи жаяу жүргіншілер жолы төселіп, көшеттер егілді. Алдағы уақытта бұл аумақта жаңа спорттық аймақ пен балалардың ойын алаңдары пайда болады. Тұрғындар үйлердің жарты ғасыр бойы жөндеу көрмегенін, сондықтан қазіргі өзгерістер ауданның ажарын ашып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасайтынын айтып ризашылықтарын білдіруде.

Талдықорғандағы ескі аулаларға қолайлы орта оралды
Жаңғырту жұмыстары облыс орталығы Талдықорғанды да тыс қалдырмады. Кейінгі екі жыл ішінде қаладағы 39 аула аумағы абаттандырылып, «Ұлан», «Жұлдыз» және «Жетісу» шағынаудандарындағы 20 көппәтерлі баспананың қасбеті қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, «Ұлан» шағынауданындағы 14 аула 1990 жылдардан бері жаңарту көрмеген еді. Модернизация нәтижесінде аулаішілік жолдар реттеліп, жарық шамдары қойылды, тұрғындардың демалысына арналған қауіпсіз жағдай туғызылды. Жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасы инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, өңір елді мекендерінің тазалығы мен эстетикалық келбетін сапалық деңгейге көтеріп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







