Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Текелі қаласында аулаларды көркейту, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу қолға алынған. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қала тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
Өңір басшысының сөзінше, биыл Текелі тұрғындарының өтініші бойынша 15 үйдің шатыры күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 14 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылады. Қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінген.
Бейбіт Исабаев жұмыс сапары кезінде «Алатау» шағын ауданындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер ұйым өкілдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Нысандарда 30 жұмысшы еңбек етуде. Қажетті арнайы техника жұмылдырылған.
Облыс әкімі жөндеу сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, Текеліде ылғал көп болғандықтан, қолданылатын материал берік әрі ұзаққа шыдамды болуы керек.
«Ескі үйлердің іргесі берік. Енді қасбетін жаңарту жұмыстарын сапалы атқарып, суық түскенше аяқтаңыздар», деді Бейбіт Исабаев.
Текелі қаласында соңғы жылдары тұрғын үй қорын жаңарту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. 2023-2025 жылдар аралығында 21 көпқабатты үйдің шатыры жаңартылып, 8 үйдің қасбеті жөнделді. Өткен жылы Рудничный ауылындағы 14 көппәтерлі тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жасалды.
Тұрғындар атқарылған жұмыстарға оң баға беріп отыр. Әуезов көшесінің тұрғыны Татьяна Загуменконың айтуынша, ескі үйдің қасбеті жаңарғаннан кейін аула келбеті де өзгерген.
«Үйіміз ескі болғанымен, кезінде сапалы салынған. Қасбеті қатты тозып кеткен еді. Жаңартылғаннан кейін ескі үйіміздің жаңа өмірі басталғандай болды. Мердігер ұйым тұрғындардың пікірін ескерді. Нәтижесінде үйіміз өте әдемі болып шықты», деді ол.
Қалада аулаларды абаттандыруға да көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы Текеліде 10 аула жөнделіп, 27 балалар ойын және спорт алаңы салынды.
Тұрғындармен кездесуде Бейбіт Исабаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталды. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жол инфрақұрылымы, газ, су, жылу және әлеуметтік саладағы жұмыстар қаралды.

Бейбіт Исабаев Текелінің табиғи-рекреациялық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Осыған байланысты туризм саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
«Текелі қаласы кезең-кезеңімен дамып келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімін одан әрі ілгерілетуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін жұмысты жүйелі жоспарлап, орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет. Әсіресе туризмді жандандыру арқылы қала экономикасының өсімін қамтамасыз ету маңызды», деді облыс әкімі.
Кездесу соңында тұрғындар өңір басшысына өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Сауалдар коррекциялық орталықты жөндеу, жеке іс бастауға грант алу, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу және өзге де мәселелерге қатысты болды.
Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сонымен қатар Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту және кеңейту жобасының барысымен танысты. Қонаев көшесіндегі жол жөндеу нәтижелерін, Әуезов көшесіндегі көпқабатты үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстарын және Қора өзеніндегі ГЭС-2 құрылысының барысын көрді.:::
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







