Бразилияда өткен президенттік сайлаудың шешуші екінші кезеңінде солшыл күштердің көшбасшысы Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жетіп, ел тарихында төртінші рет мемлекет басшысы атанды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Лула да Силва сайлаушылардың 51 пайыздан астам дауысын иеленді. Оның басты қарсыласы, экс-президент Жаир Болсонарудың ұлы, оңшыл сенатор Флавио Болсонару 48 пайыз шамасында қолдау тапты. Шешуші кезең ел тарихындағы ең шиеленісті саяси додалардың біріне айналды. Алғашқы айналымда Флавио Болсонару 47 пайыз дауыспен көш бастап, әлеуметтік сауалнамаларды теріске шығарған болатын. Дегенмен қазіргі мемлекет басшысы шешуші турда қарқын қосып, тарихи камбэк жасай алды.
Вашингтон факторлары мен сыртқы қысым
Сайлау науқаны жемқорлық жанжалдары, экономикалық алаңдаушылық пен АҚШ тарапынан араласу туралы айыптаулар жағдайында өрбіді. Рейтер агенттігінің мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігі Мемлекеттік департамент желісі бойынша Болсонару әулетінің билікке оралуына қолдау көрсетуге талпынған. Вашингтон мұндай мәлімдемелерді теріске шығарғанымен, сыртқы геосаяси тартыс анық байқалды.
Сайлау атмосферасы 2025 жылы мемлекеттік төңкеріс әрекеті үшін сотталған экс-президент Жаир Болсонарудың ісімен де тікелей байланысты болды. Оның ұлы Флавио жеңіске жеткен жағдайда әкесіне бостандық әперуге уәде берді. Өз кезегінде Дональд Трамп бұл сот процесін сынға алып, Бразилия тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізген еді. Лула да Силва Вашингтонның оңшыл саясаткерлермен жақындасуын сайлауға ықпал ету және елге қысым көрсету әрекеті деп атады.
Жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде Лула елдің егемендігі мен демократиялық институттарын қорғаудың маңызын атап өтті.
«Біз Бразилияны біреудің қолына оп-оңай бере салмаймыз. Халық елдегі демократияны сақтап қалу үшін сайлауға белсенді қатысты», – деп мәлімдеді Лула да Силва.
Қымбатшылық, қылмыс және сайлаушылар таңдауы
Лула үкіметі жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікті төмендеткенімен, күнделікті өмірдегі қымбатшылық пен отбасылардың қарыз жүгі қарапайым тұрғындарды қатты алаңдатты. Қалалардағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеті де сайлаушылардың шешіміне салмақты әсерін тигізді. 45 жастағы Флавио Болсонару дәл осы мәселелерді негізге алып, қатаң тәртіп орнатуға, аса қауіпті қылмыскерлерге арналған жабық түрмелер салуға және ауыр жыныстық қылмыс жасағандарға химиялық кастрация қолдануға шақырды.
Қоғамдағы жіктелген көзқарастар дауыс беру кезінде анық көрінді. Сан-Паулу қаласында Луланы таңдаған 60 жастағы заңгер Эленильдес дус Рейс оның жеңісін халықаралық деңгейдегі фашизм қаупіне қарсы тойтарыс деп бағалады. Ал Рио-де-Жанейрода Болсонаруға дауыс берген 75 жастағы зейнеткер Альба Маркес өз таңдауын солшылдардың ұзақ жылдар бойғы жалаң уәделеріне наразылығымен түсіндірді.
Зейнеткер қалыптасқан саяси жағдайға көңілі толмайтынын жасырмады.
«Қырық жыл бойы Бразилияны түзеймін деп келе жатқан адамның бір сарынды уәделерін тыңдаудан әбден шаршадым», – деді Рио-де-Жанейро тұрғыны Альба Маркес.
Латын Америкасындағы күштер тепе-теңдігі
Флавио Болсонарудың жеңісі Латын Америкасында күшейіп келе жатқан оңшыл консервативті үрдісті одан әрі бекітіп, елді Вашингтонға жақындата түсер еді. Алайда Луланың жетістігі аймақтағы солшыл бағыттың сақталып қалуын қамтамасыз етті. Сенатор Болсонару дауыс беру уақытының ұзартылуына байланысты сайлау нәтижелерін сот арқылы жоюды талап ететінін айтқанымен, сайлау органдары Луланың ресми жеңісін жариялады.
Төртінші мәрте ел тізгінін ұстаған президентті алда күрделі сынақтар күтіп тұр. Оңшыл күштердің үлесі басым конгресспен ымыраға келу және ел ішіндегі терең саяси қайшылықтарды еңсеру мемлекет басшысының жаңа мерзімдегі негізгі міндетіне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







