Сербияның экс-президенті әрі билік басындағы Серб прогрессивті партиясының көшбасшысы Александр Вучич елде өткен мерзімінен бұрынғы парламенттік сайлауда жеңілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Парламенттегі мандаттар қалай бөлінді?
Дауыс берудің алдын ала қорытындысына сәйкес, билік партиясы Халық скупщинасындағы 250 орынның тек 105 мандатын иеленеді. Ал соңғы екі жыл бойы өткен жаппай наразылықтар толқынында құрылған оппозициялық «Студенттер тізімі» кемінде 135 мандат алып, парламенттегі айқын басымдыққа қол жеткізді.
«Біз бұл сайлауда жеңілдік, оппозициялық тізім басым түсті. Олар шамамен 135–140 мандат алады, ал бізде шамамен 105 орын болады», – деді Александр Вучич.
Ресми дауыс санау барысында оппозициялық коалицияның басымдығы жаңа деректердің келуіне қарай нығайып келеді. Сайлаушылардың саяси белсенділігі өте жоғары деңгейде тіркелді: шетелдегі диаспораны есептемегенде, азаматтардың 69,1 пайызы дауыс берді.
Белград көшелеріндегі мереке мен қозғалыс тарихы
Сайлау қорытындысы жарияланған бойда ел астанасы Белград көшелеріне мыңдаған тұрғын шықты. Елорда халқының басым бөлігі студенттік қозғалысқа дауыс беріп, оппозицияның жеңісін салтанатты түрде атап өтті.
Тарихи жеңіске жеткен «Студенттер тізімі» екі жыл бойғы жаппай толқулар барысында дүниеге келді. Қозғалыс көшбасшыларының өздері сайлау тізіміне енген жоқ. Олардың орнына үміткер ретінде беделді ғалымдар, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері мен азаматтық белсенділер ұсынылды. Оппозициялық тізімнің басында белгілі кардиолог дәрігер Илия Срданович тұр.
Вучичтің жоспары және жаңа саяси ахуал
Александр Вучич биыл 27 қыркүйекте президенттік қызметінен мерзімінен бұрын кеткен болатын. Оның мақсаты партиясын бастап сайлауға түсіп, премьер-министр лауазымына тағайындалу еді.
Сербия Конституциясы бойынша президент қызметі негізінен өкілдік сипатқа ие, ал мемлекеттік шешімдерді қабылдау құқығы мен атқарушы билік тізгіні үкімет басшысына тиесілі.
Дегенмен оның есебі ақталмады. Оппозиция парламенттегі қажетті 126 мандаттық межені сенімді еңсеріп, жеке-дара үкімет жасақтау мүмкіндігін алды. Нәтижесінде Сербиядағы саяси күштер арақатынасы түбегейлі өзгеріске ұшырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







