Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан арасында құрылған «Мекке пактіне» мүше мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері дүйсенбі күні Тегеранда Иран басшылығымен аймақтық үйлестіру мәселелерін талқылау үшін бас қосады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тегерандағы кездесуге кімдер қатысады?
Мәселеден хабардар дереккөздердің хабарлауынша, келіссөзде Сауд Арабиясы атынан қорғаныс министрі ханзада Халид бин Салман, ал Пәкістан тарапынан армия қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир қатысады. Сонымен қатар маңызды дипломатиялық миссияға Түркия барлау қызметінің басшысы қосылады.
Сауд Арабиясының мемлекеттік ақпарат орталығы мен Пәкістан армиясының баспасөз қызметі аталған жиынға қатысты ресми сауалдарға әзірге жауап бермеді.
Хуситтердің шабуылы және келіссөз себебі
Жоспарланған келіссөз — үштік одақ құрылғаннан бері Иран мен пакт елдері арасында өтетін алғашқы жоғары деңгейдегі ресми байланыс. Кейінгі кезде Сауд Арабиясына Йемендегі Иран қолдайтын хуситтер тарапынан ұйымдастырылған шабуылдар жиілеп кетті. Эр-Рияд жексенбі күні де хуситтердің кезекті зымырандары мен соққы жасаушы дрондарын атып түсіргенін хабарлады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы қақтығысы ушыққан тұста Сауд Арабиясы аймақтағы негізгі қысым ошағына айналып отыр. Осы айдың басында «Мекке пактіне» мүше елдердің министрлері Эр-Риядта шұғыл кеңес өткізіп, Сауд жеріне әскери күштер мен мүмкіндіктерді шұғыл орналастыру жоспарын бекіткен еді.
Мекке келісімі: ұжымдық қорғаныс тетігі
Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы биыл тамыз айында Мекке бірлескен қорғаныс келісіміне қол қойған. Құжат шеңберінде мүше мемлекеттердің біріне жасалған қарулы шабуыл барлық одақтасқа бағытталған әрекет болып саналады.
Мекке келісімінің бірінші бабына сәйкес, тараптардың бірінің аумақтық тұтастығына, егемендігіне немесе халықаралық шекарасына төнген кез келген қауіпті жою үшін барлық қажетті шара мен әскери әлеует жұмылдырылады.
Құжатты бекіту жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатыр. Пәкістан келісімді ресми түрде мақұлдаса, Түркия парламенті ратификациялау процедурасын өткен аптада бастады. Тегерандағы ортақ диалог аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуге және соғыс қаупін сейілтуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







