Маңғыстау облысында жаңадан тағайындалған Қарақия ауданының әкімі Жансейт Қайнарбаев пен Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов адам ұрлады деген күдікпен ұсталды. Жаңаөзен қаласын басқарған жоғары лауазымды шенеунік пен белгілі спорт функционері Lexus көлігінде адамды күштеп ұстап, қала сыртына алып шықпақ болған кезінде ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақтаудағы кикілжің және далаға алып шығу әрекеті
Оқиға 24 қазан күні кешке Ақтау қаласында орын алған. Тараған ақпараттарға сәйкес, аудан әкімі Жансейт Қайнарбаев пен оның танысының арасында кездесу өтіп, арты ауыр жанжалға ұласқан.
Әңгіме барысында жәбірленуші кетпек болған кезде, оны Lexus 600 автокөлігіне күштеп отырғызып, бостандығынан айырған. Шенеунікке Самбо федерациясының бірінші вице-президенті әрі облыстық жекпе-жек өнері қауымдастығының басшысы Манарбек Бисекенов өз адамдарымен бірге көмектескен деген дерек бар.
Күдіктілер жәбірленушіні қала сыртына, елсіз далаға қарай алып бара жатқан жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК қызметкерлері құрықтаған. Қазір Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен адам ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Әкім мен спорт функционері кімдер?
42 жастағы Жансейт Қайнарбаев – Маңғыстау өңіріндегі мемлекеттік аппаратта жылдар бойы жетекші қызметтер атқарған тұлға. Ол Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары, кейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болған. 2024 жылдың ақпанынан бастап Жаңаөзен қаласын басқарды.
Арада біраз уақыт өткенде, яғни 2026 жылдың 26 қыркүйегінде ғана облыс әкімінің өкімімен Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалған еді. Арада бір ай өтпей жатып, жаңа басшы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Іс бойынша екінші негізгі күдікті 46 жастағы Манарбек Бисекенов – өңірдегі спорт саласында беделді қайраткер. Ол Самбо федерациясындағы жоғары лауазыммен қатар, аймақтағы жекпе-жек қауымдастығын басқарып, әлі күнге дейін халықаралық жарыстарға қатысып жүрген спорт ардагері.
Тоқсаныншы жылдардың әдісі: мемлекеттік қызметтің құлдырауы
Аудандық деңгейдегі мемлекеттік биліктің бірінші басшысы мен спорттық ұйым жетекшісінің адамды көлікке күштеп тығып, далаға алып кетуі – тоқсаныншы жылдардағы рэкеттік «разборкаларды» еске салады. Мемлекеттік қызметте тәртіп орнатып, халықтың мұң-мұқтажын заң аясында шешуге тиіс шенеуніктің мәселені қылмыс әлемінің қарабайыр тәсілдерімен реттеуге тырысуы жаға ұстатады.
Шенеуніктер мен спорттық топтардың одақтасып, күш қолдану арқылы шешім шығаруы жергілікті элита арасында құқықтық сананың қаншалықты төмендеп кеткенін көрсетеді. Кабинеттегі қызметтік этиканы сырттағы көше заңдарымен шатастырған мұндай лауазым иелері мемлекеттік аппараттың беделіне орасан зор нұқсан келтіруде.
Қоғам мен құзырлы органдар бұл қылмыстық істі барынша ашық тергеп, лауазымы мен атағына қарамай кінәлілерді қатаң жазаға тартуы тиіс. Мемлекеттік қызмет қылмыстық элементтер мен феодалдық әдістерден толық тазармайынша, «Заң мен Тәртіп» қағидаты құр сөз болып қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







