Астана – Павлодар тасжолында 21 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына әкеп соққан жол апаты бойынша Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлына қатысты жабылып қалған қылмыстық іс қайта жанданды. Қоғамда үлкен резонанс туғызған рақымшылық туралы қаулының күші жойылып, іс сотқа дейінгі тергеу кезеңіне қайта қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Металл қоршау тескен көлік және студенттің тағдыры
Қайғылы оқиға мамыр айының соңында болған еді. Елордада оқу сессиясын аяқтаған Талғат Емел Павлодардағы ата-анасына бару үшін Hyundai Tucson көлігіне такси ретінде отырған.
Жол үстінде көлік шеттегі темір қоршауға қатты соғылып, соққы салдарынан металл баған салонды тесіп өткен. Артқы орындықта отырған жас жігіт ауыр жарақат алып, клиникалық өлімді бастан кешірді. Дәрігерлер студентті ажалдан арашалап қалғанымен, оның қос аяғын шап тұсына дейін кесуге мәжбүр болды. Өмірі күрт өзгерген жас азаматқа енді ондаған миллион теңге тұратын қымбат протездер мен ұзақ мерзімді оңалту курстары қажет.
Бір жылда 29 рет ереже бұзған және күмәнді рақымшылық
Көлік тізгінінде Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың 22 жастағы ұлы Ердәулет Закиров отырған. Тергеу барысында оның бір жылдың ішінде жол қозғалысы ережесін 29 рет бұзып, жауапқа тартылғаны әшкере болды.
Прокуратура оны қамауға алуды сұрағанымен, сот күдіктіні үйқамаққа жіберген. Арада төрт ай өткенде, қыркүйек айының ортасында полиция қылмыстық істі рақымшылық актісінің негізінде тып-тыныш тоқтатып тастады. Ал аяғынан айырылып, мүгедектер арбасына таңылған студентке келтірілген шығынды өндіру үшін азаматтық сотқа бару ұсынылған. Мұндай ашық әділетсіздік жәбірленуші тарап пен халықтың ашу-ызасын туғызды.
Жәбірленуші отбасының күресі
Талғаттың жақындары бұл шешіммен келіспей, әлеуметтік желі арқылы дабыл қағып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне шағым түсірді.
Жәбірленушінің әпкесі Гүлсім қоғамдық қысым мен ұзақ арпалыстан кейін ғана істі тоқтату туралы заңсыз қаулының күші жойылғанын хабарлады.
«Ұзақ айларға созылған күрестен, көптеген өтініштер мен шағымдардан кейін бізді ақыры естіді. Қылмыстық істі рақымшылықпен тоқтату туралы заңсыз қаулының күші жойылды. Бірақ біз мұны түпкілікті жеңіс деп санамаймыз. Барлық мән-жай толық анықталып, кінәлілер заң алдында жауап бермейінше күресті жалғастырамыз», – деп жазды жәбірленушінің әпкесі Гүлсім.
Әкімнің ұстанымы
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев көлік тізгінінде өз ұлының болғанын растап, заң алдында бәрі тең екенін және тергеуге араласпайтынын мәлімдеген болатын.
«Ол – кәмелетке толған азамат және заңға сәйкес өз әрекеті үшін өзі жауап береді. Мен ешқашан қызметтік өкілеттігімді жеке басымның мүддесі үшін пайдаланған емеспін және пайдаланбаймын. Тергеу уәкілетті органдар тарапынан заң аясында жүргізілуі тиіс», – деді әкім.
Қоғамдық қарсылық – жалғыз тосқауыл
Шенеуніктердің балалары қатысқан ауыр қылмыстардың аяғы үйқамақпен созылып, ақырында түрлі рақымшылық заңдарының тасасында жылы жабылып қалатыны қоғамның жүйкесін әбден тоздырған. Егер жақындары желіге шығып шу көтермегенде, кінәлі жүргізуші бір күн де жаза өтеместен, тағы бір жас жігіттің тағдырын талқандап бостандықта тайраңдап жүре берер еді.
Мемлекетте «Заң мен Тәртіп» үстемдігі орнауы үшін ең алдымен тамыр-танысы бар элита өкілдерінің жазадан оңай құтылып кететін саңылауларын бітеу қажет. Адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, өмір бойы мүгедек еткен жағдайларға рақымшылық қолдану – сот төрелігіне деген сенімді түбірімен шайқалтады. Талғаттың ісінің қайта қаралуы – тек әділдікті талап еткен азаматтық қоғамның жеңісі, ал оның соңы шынайы жазамен аяқтала ма, жоқ па – алдағы сот процесінің ашықтығына байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







