Қараша айында қазақстандық салық төлеушілер бірқатар маңызды салықтық есептерді тапсырып, бюджетке міндетті төлемдерді уақытылы аударуы қажет. Міндеттемелердің басым бөлігі биылғы үшінші тоқсанның қорытындысына тиесілі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті салық есептілігін тапсыру мен міндетті төлемдерді өтеуді соңғы күндерге қалдырмауға шақырды. Міндеттемелер уақытылы орындалмаса, өсімпұл есептеледі және электронды жүйелерге шамадан тыс жүктеме түсуі мүмкін.
Салық есептерін тапсыру мерзімдері: 16 және 20 қараша
Салық төлеушілер үшін негізгі декларацияларды өткізу кезеңі орталықтандырылған екі мерзімге бөлінген. 15 қараша демалыс күніне түскендіктен, есеп тапсырудың алғашқы легі 16 қарашаға дейін созылады.
16 қарашаға дейін мына салық нысандарын тапсыру қажет:
- 101.03 және 101.04 нысандары – шілде-қыркүйек айлары аралығында резиденттер мен бейрезиденттердің табысынан төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы (КТС) есептеуі;
- 200.00 нысаны – үшінші тоқсан бойынша жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық жөніндегі декларация;
- 300.00 нысаны – III тоқсан үшін қосылған құн салығы (ҚҚС) декларациясы;
- 400.00 нысаны – қыркүйек айының акциз есебі;
- 500.00 нысаны – роялти, өндіру бонусы, өнімді бөлудегі мемлекет үлесі және жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі жөніндегі декларация;
- 510.00 нысаны – III тоқсандағы қол қойылатын бонус декларациясы;
- 701.01 нысаны – мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі;
- 710.00 нысаны – ойын бизнесі салығы бойынша декларация;
- 860.00 және 870.00 нысандары – үшінші тоқсанда су ресурстарын пайдаланғаны және қоршаған ортаға тигізген әсері үшін төлемақы есептері;
- 880.00 нысаны – цифрлық майнинг қызметінен түсетін төлем декларациясы.
20 қарашаға дейін импорт тауарлары мен жер төлемдерінің есебі жабылады. Бұл мерзімде қазан айында тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (328.00 нысаны), жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ағымдағы төлемдер есебі (851.00 нысаны) өткізілуі тиіс. Сондай-ақ қазан айында арнайы рұқсат құжатын рәсімдеген I және II санаттағы нысан операторлары қоршаған ортаға әсер ету төлемақысының есебін (870.00) ұсынады.
Ай басындағы және ортасындағы салық төлемдері
Қарашадағы қаржылық міндеттемелер айдың алғашқы аптасынан бастап жүйелі түрде өтеледі. Төлемдер бірнеше кезеңге бөлінген:
- 5 қарашаға дейін: жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар, сот орындаушылары мен кәсіби медиаторлар) қазан айындағы табыстарынан жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді.
- 10 қарашаға дейін: арнаулы салық режимін қолданатын шаруа және фермер қожалықтары 1 қаңтар мен 1 қазан аралығындағы кезең үшін есептелген ЖТС-ті және су ресурстарын пайдалану төлемақысын аударуға міндетті.
- 20 қарашаға дейін: Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен әкелінген тауарлар үшін қазан айының қосылған құн салығы мен акцизі, сондай-ақ қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төленеді.
- 24 қарашаға дейін: қазан айында бейрезиденттердің жекелеген санаттарына берілген табыстардан ЖТС аударылады.
Кез келген салық міндеттемесі кешіктірілген жағдайда кәсіпкерлердің банктік есепшоттары бұғатталып, мерзімі өткен әр күн үшін автоматты түрде өсімпұл қосылады.
25 қараша – негізгі салықтар мен әлеуметтік аударымдардың шекті күні
Айдың ең қарбалас күні 25 қарашаға сәйкес келеді. Дәл осы уақытқа дейін бизнес өкілдері мен жұмыс берушілер негізгі корпоративтік салықтарды, мүлік төлемдерін және қызметкерлердің жалақысынан ұсталатын қаржыны толық аударып бітуі шарт.
25 қарашаға дейін аударылуы тиіс негізгі төлемдер тізбесі:
- Қараша айының КТС бойынша аванстық төлемдері;
- Қазан айында резиденттер мен бейрезиденттердің табысынан төлем көзінен ұсталған КТС және ЖТС;
- Мобильді қосымша арқылы арнаулы салық режимін қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қазан айындағы ЖТС төлемі;
- III тоқсан үшін ҚҚС, экспортқа салынатын рента салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен ойын бизнесі салығы;
- Қазан айындағы әлеуметтік салық және бірыңғай төлем;
- Мүлік салығы мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін кезекті төлемдер, сондай-ақ цифрлық майнинг төлемақысы;
- Қазан айының барлық міндетті әлеуметтік салымдары: зейнетақы жарналары (МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ), әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдері мен жарналары.
Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлер мен бухгалтерлерге мерзімді қатаң сақтап, төлем тапсырмаларын алдын ала дайындауға кеңес береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







