Жетісу облысында Президенттің автожол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Алматы – Өскемен» республикалық маңызы бар автожолдың Мұқыры асуындағы 21 шақырымдық учаскесі (213–234-км) жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нысанның ресми төлқұжатына сәйкес, жол учаскесін пайдалануға беру мерзімі 2027 жылғы желтоқсанға белгіленген болатын. Алайда жол құрылысын жүргізушілер төрт жолақты негізгі жолдың құрылысын мерзімінен бұрын аяқтады.

Аймақтағы автожолдардың сапасы артып келеді
Маңызды жол учаскесін іске қосу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов:
– Жетісу облысындағы автожолдардың сапасын арттыру мақсатында соңғы үш жылда облыс әкімінің бақылауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары – «Талдықорған – Үшарал» республикалық маңызы бар автожолы және «Үшарал – Достық» республикалық маңызы бар автожолын реконструкциялау. Сондай-ақ былтыр «Сарыөзек – Қорғас» бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл Сарыөзек ауылының айналма жолының 7 шақырымдық учаскесі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Алматы – Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан бастап Талдықорған қаласының айналма жолына дейінгі бөлігінде, сондай-ақ қаланың айналма жолдарында жалпы ұзындығы 159 шақырым болатын орташа және күрделі жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Оның 103 шақырымы биыл толық жөнделді. Қалған бөлігі келесі жылы аяқталады. Осы бағыттағы маңызды учаскелердің бірі – Мұқыры асуы арқылы өтетін жолдың көлік қозғалысы үшін ашылуы осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі деуге болады, – деді Ә. Қанағатов.
Әрине, жобаның сәтті жүзеге асырылуында жол саласы мамандарының еңбегі орасан.
Құрылыс барысында атқарылған ауқымды жұмыс
Ұзындығы 21 шақырым болатын жол учаскесі жұмыс күші мен ресурстарды жұмылдырудың нәтижесінде мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарына 514 жолшы, 231 арнайы техника тартылып, жылжымалы асфальт-бетон зауыты жұмыс істеді. Құрылысшылар 551,4 мың текше метр жер қазып, жолдың кешенді негізін төседі, 42 су өткізу құбырын орнатты, көпір салып, жолға беріктігі жоғары қиыршық-мастикалық асфальт төселді.

Жолдың ашылуына орай жергілікті тұрғындар пікір білдірді. Солардың бірі – Көксу ауданының тұрғыны Мәлік Бейсен:
– Бұл жол – маңызды күретамыр. Осы жол арқылы жүктер тасымалданып, адамдар әр қилы бағытқа қатынайды. Енді жол кім-кімге де ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз болады. Біз, аудан тұрғындары, атқарылған жұмысты өз көзімізбен көру үшін жолдың ашылу рәсіміне арнайы келдік. Нәтижесіне көңіліміз толды, – деді ол.
Атап өтсек, жыл қорытындысы бойынша Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96%-ды құрайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







