Әлеуметтік желілерде Алматының Жандосов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының асфальтын қырып жатқаны түсірілген видео тарап, қала тұрғындарының арасында талқылау туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Видео авторы жағдайы тәуір тротуардың не себепті қайта бұзылып жатқанына наразылық білдірген. Ол асфальт орнына тақталар төселуі мүмкін екенін айтып, бюджет қаржысын мұндай бағытта жұмсаудың қаншалықты орынды екеніне күмән келтірді.
Басқарманың ресми түсініктемесі
Тұрғындардың сауалынан кейін қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мән-жайды түсіндірді. Жауапты мекеме өкілдерінің хабарлауынша, Жандосов көшесінің бойында кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Мамандар жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға беру кезінде жекелеген учаскелерді ғана емес, көшенің жалпы жағдайы мен бекітілген жобалық шешімдерді толық ескеру қажеттігін атап өтті. Аумақтың бір бөлігіне бұрын асфальт төселсе, енді бір тұстарында тротуарлық брусчатка салынған. Соған байланысты қолданыстағы жабындардың тозу деңгейі де әртүрлі болып шыққан. Оған қоса көптеген бөлікте жабынның бүлінуі, шөгуі және деформациясы анықталған.
«Әңгіме жабынды жай ғана ауыстыру туралы емес, көшені кешенді абаттандыру туралы болып отыр. Жоба жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының бірізділігін қамтамасыз етуге, жүріп-тұрудың қолайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қалалық кеңістіктің тұтас келбетін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан жүргізіліп жатқан жұмыстардың түпкі нәтижесін ескеру қажет», – деп мәлімдеді қалалық әкімдік өкілдері.
Жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі
Қалалық басқарманың мәліметінше, құрылыс жұмыстары әр аумақты таңдамалы түрде жамауға емес, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес тиісті аумақты жүйелі түрде жаңартуға негізделген.
Жауапты мамандар жаңғырту шаралары аяқталған соң қала тұрғындары үшін ыңғайлы, қауіпсіз әрі біртұтас сәулеттік кеңістік қалыптасатынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







