Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын», деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Жаһандық дағдарыс және халықаралық ахуал
«Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», – деді Президент.
«Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Ұлт алдындағы стратегиялық міндет
«Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет». Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдау жасағанда айтқан сөзі
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






