Бакудегі мейрамханалардың бірінде қарыз дауын шешуге жиналған қылмыстық топ өкілдері төбелесіп, криминалдық ортада «Джейхун Сабунчу» деген лақап атпен танымал 43 жастағы азамат пышақталып өлтірілді. Атышулы қылмыс бойынша 13 күдікті қамауға алынды, олардың қатарында Әзербайжан Парламенті депутатының ұлы бар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Түнгі мейрамханадағы қанды қақтығыс
Қайғылы оқиға Бакудің Хатаи ауданындағы танымал мейрамханалардың бірінде түн ортасында болған. Мәліметтерге сәйкес, мекеменің екінші қабатындағы жеке кабинада қылмыс әлеміне қатысы бар оннан астам адам жиналып, өзара қаржылық дауды реттемек болған.
Әңгіме барысында криминалдық ортада аты шыққан Джалал Мирагаев пен «Сабунчу Эмин» лақапты азаматтың арасында сөз таласы туындап, арты жаппай төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алып, 43 жастағы Джалал Мирагаев алған соққылардан оқиға орнында тіл тартпай кетті.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі бірлескен арнайы операция жүргізіп, қылмысқа қатысы бар 13 адамды ұстады. Олардың барлығы сот шешімімен төрт айға қамауға алынды.
Депутаттың баласы және «Ераз Ахмед» лақабы
Қоғамда ең үлкен резонанс тудырған басты жайт – қамауға алынғандардың ішінде Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Арзухан Ализаденің ұлы Ахмед Ализаденің болуы. Саясаткердің ұлы қылмыс әлемінде «Ераз Ахмед» деген атпен танымал болып шықты.
Тергеу мәліметінше, қанды оқиға орын алған мейрамханадағы «криминалдық кездесуді» ұйымдастырып, екі жақты татуластыру үшін жинаған дәл осы депутаттың баласы болған. Қазір оған және оның серіктеріне қасақана адам өлтіруден бөлек, қылмыстық ұйым құру, оған жетекшілік ету, бопсалау және ұйымдасқан топпен аса ірі көлемде есірткі тасымалдау баптары бойынша ауыр айыптар тағылып отыр.
Оқиғаның мысқылға толы ащы тұсы – күдіктінің әкесі Арзухан Ализаде Парламентте Адам құқықтары комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады және Ұлттық тәуелсіздік партиясының жетекшісі. Тіпті оның екінші ұлы аудандық сотта судья болып қызмет етеді. Бір шаңырақта әкесі заң шығарып, бір ұлы сол заңмен үкім кесіп отырғанда, екінші ұлының қылмыстық топтың ортасында жүруі ел ішінде үлкен дау туғызды.
«Алтын жастар» мен қылмыс әлемінің тоғысуы
Бакудегі бұл оқиға посткеңестік елдердегі билік өкілдері мен шенеуніктердің ұрпақтары арасында кең таралған қауіпті синдромның бетін ашты. Лауазымды шенділердің балалары шексіз байлық пен еркіндікке үйреніп, заң алдындағы жауапсыздықты сезінгенде, қарапайым өмір оларға қызықсыз болып көріне бастайды.
Нәтижесінде «алтын жастардың» белгілі бір бөлігі қылмыс әлемінің романтикасына елігіп, көше «авторитеттерімен» достасуға, заңсыз топтардың төрешісі болуға ұмтылады. Олар өздерінің элиталық мәртебесін, әкелерінің қызметтік байланыстарын криминалдық мүдделерге қалқан етуге тырысады.
Әкесі мінберден адам құқығы мен мемлекеттілік туралы баяндама жасап, бауыры сотта қарапайым халыққа жаза тағайындап отырғанда, үшіншісінің бандиттермен бірге қарыз өндіріп, кісі өліміне себепкер болуы – билік институтының қаншалықты шірігенін көрсетеді.
Мемлекеттік лауазым мен қылмыс әлемінің шекарасы осылайша жойыла бастағанда, қоғамда заңға деген сенім күл-талқан болады.
Бакудегі төбелес тек бір елдің ғана емес, шенеуніктердің балаларына деген шектен тыс мейірім мен жазасыздықтың түбі мемлекеттің өз ішінен қылмыстық мафия өсіріп шығаратынын дәлелдейтін ауыр сабақ болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







