«Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда.
«Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Еуразияның жетекші логистикалық орталығы
Әлемдік логистика ауқымды трансформация мен қарқынды даму кезеңіне қадам басты. Теңіз жолдарының осалдығы құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды.
Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына нақты айналу үшін осы тарихи мүмкіндікті пайдалануы керек. Қазірдің өзінде біздің аумағымыз арқылы Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы өтеді.
Бірақ қазіргі қолайлы жағдаймен шектеліп қалу – болашақта көш соңында қалу деген сөз. Қазірден бастап халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне өту қажет. Ерекше екпін отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға түсуі тиіс. Көлік тораптарының айналасында жаңа өндірістер мен сауда алаңдарын қалыптастыру да маңызды.
Көлік жолдарының тұтас желісі
«Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет», – деді Президент.
Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.
Жол сапасы және бақылау
Келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекеттерін сапалы жаңғыртуды аяқтау қажет. Бұл жұмыс соңғы уақытқа дейін сылбыр жүргізіліп келді. Алдымызда барлық (дәл осылай, барлық) автожолды – республикалық және жергілікті жолдарды сапалы салу бойынша өткір міндет тұр.
«Орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы органдар ережелер мен регламенттерге сілтеме жасап, нағыз «футбол» ұйымдастырды. Мәселені домалатып, батпаққа батыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады», – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан барлық жолдармен, мейлі ол республикалық (орталық) – барлық жолдардың шамамен 26 пайызы болсын, не әкімдіктердің құзырындағы жергілікті жолдар болсын, Көлік министрлігі атынан Үкімет айналысуы тиіс деп тапсырылды. Қайталап айтамын: бізге өте сапалы жолдар қажет. Битум мен қиыршық тастың сапасына сілтеме жасау қабылданбайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







