Қазақстанда шағын мұнай өңдеу зауыттары құқық қорғау органдарының жіті назарына ілігіп, соңғы жылдары олардың қызметіне қатысты бірқатар ірі қылмыстық іс қозғалды. Тексерулердің көбеюіне мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, экспорттық шектеулерді айналып өту мақсатында бензин мен дизель отынын «пеш отыны» кейпінде рәсімдеу және жанар-жағармай контрабандасы себеп болуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Миллиардтаған теңгелік контрабанда және тәркіленген активтер
Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК және ІІМ шағын мұнай өңдеу саласындағы бірқатар заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Жыл басынан бері жанар-жағармайды шекарадан заңсыз алып өтудің 712 әрекеті тоқтатылып, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Соңғы кезеңдегі ең ірі істердің бірі Batys Nefte Trade, Standart Petroleum және Mangystau Oil Refining компанияларына қатысты болды. Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жер қойнауын пайдаланушылардан мұнай сатып алып, оны шағын зауыттарда өңдеген. Кейін дайын өнімге жалған сапа паспортын рәсімдеп, пеш отыны ретінде Ақтау порты арқылы теңіз көлігімен шетелге тасымалдаған. Трейдерлік компания арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі шығарылып, көлеңкелі айналым көлемі шамамен 45 миллиард теңгені құрады. Іс бойынша зауыт пен трейдер жетекшілерін қосқанда бес адам 8 жылға бас бостандығынан айырылып, схеманы ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Мемлекет пайдасына екі шағын МӨЗ бен бір танкер тәркіленіп, 2 миллиард теңгеден астам салық пен төленбеген баж өндірілді.
Бұдан бөлек, Қырғызстанға 190 мың тоннадан астам АИ-92 маркалы бензинді 37 миллиард теңгеге заңсыз жөнелту фактісі бойынша тергеу аяқталды. Отынды тасу кезінде «Түрксіб» станциясында 138 миллион теңгенің 500 тонна бензині тиелген 8 теміржол цистернасы тәркіленді. Маңғыстау облысында да 2022 жылдан бері 28,5 мың тонна есепке алынбаған мұнайды мазут кейпінде экспорттаған заңсыз шағын зауыттың жұмысы тоқтатылған еді.
Зауыттарды тексеру: Қаржылық және заңдық тәуекелдер
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елде 30-дан астам шағын МӨЗ тіркелгенімен, қазір 22 зауыт жұмыс істеп тұр. Forbes Kazakhstan басылымы ашық деректер мен салықтық төлемдер негізінде саладағы заңды тұлғаларға арнайы талдау жүргізді.
Зерттеу қорытындысы кәсіпорындардың басым бөлігінде елеулі қаржылық немесе құқықтық тәуекелдер бар екенін көрсетті:
- екі компания сот шешімімен банкрот деп танылған;
- бес кәсіпорынның 1 миллионнан 1,22 миллиард теңгеге дейін салық қарызы тіркелген;
- алты зауыттың есепшоттарына, мүлкіне немесе көліктеріне тыйым салынған;
- төрт зауыт бойынша 33 миллионнан 381,8 миллион теңгеге дейінгі сомаға атқарушылық өндіріс қозғалған;
- төрт кәсіпорын басшысына шетелге шығуға шектеу қойылған;
- он зауыттың төленбеген әкімшілік айыппұлы бар;
- бір кәсіпорын «Самұрық-Қазынаның» сенімсіз жеткізушілер тізіліміне енгізілген;
- он алты компанияда құрылтайшылар кем дегенде бір рет ауысқан.
Сонымен бірге талдауға ілінген он шақты компанияда аталған қауіп белгілерінің ешбірі анықталмаған.
Шағын өндіріс неге көлеңкелі аймаққа айналды?
PACE Analytics директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Ысмайылов шағын өңдеу нарығы не себепті заңсыз әрекеттердің ошағына айналғанын түсіндірді. Сарапшының пікірінше, бұл жағдайға үш негізгі себеп әсер еткен.
Біріншіден, шикізаттың аз көлемін автокөлікпен тасуға болатындықтан, мұнайдың қайдан алынғанын қадағалау ма магистральдық құбыр желісіне қарағанда әлдеқайда қиын. Екіншіден, технологиялық үдерістің қарапайымдылығы шикізатты басқа тауарлық атаумен сатылатын жеңіл фракцияларға тез өңдеп үлгеруге жол ашады. Үшіншіден, шикі мұнай мен жекелеген мұнай өнімдеріне қойылатын экспорттық салықтар мен шектеулердегі айырмашылық көлеңкелі схемаларды пайдалануға экономикалық қызығушылық туғызды.
Сонымен бірге сарапшы соңғы жылдары мемлекеттік бақылаудың күшейгенін айтады. Қазір мұнай өнімдерінің айналымын бақылайтын есептеу аспаптары енгізіліп, мониторинг жүйелері дамып келеді. Дегенмен, көлеңкелі нарықтың толық жойылғанын айтуға әлі ерте.
Асқар Ысмайылов заңсыз әрекеттер үшін бүкіл саланы жаппай кінәлауға болмайтынын атап өтті.
«Мұндай тәжірибені барлық шағын зауытқа автоматты түрде таңуға болмайды. Олардың арасында құрал-жабдыққа қаржы құйып, адамдарды жұмыспен қамтып және өз міндеттемелерін адал орындап отырған кәсіпорындар бар», – деп түсіндірді Асқар Ысмайылов.
Адал бизнес пен қатаң бақылау арасындағы тепе-теңдік
Бұл ұстанымды «Қазақстан заң-кеңес» заң консультанттары палаталары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Фарид Әлиев те қолдайды. Оның пайымдауынша, саладағы заңды өңдеу мен экспортты, сапа талаптары мен есепке алудың бұзылуын және шикізаттың қылмыстық айналымын бір-бірінен нақты ажырату қажет. Кез келген корпоративтік дау бірден қылмыс құрамына жатқызылмауы тиіс.
Заңгер салада тәртіп орнату үшін цифрлық қадағалаумен қатар бес негізгі бағыттан тұратын кешенді механизм ұсынды: өнімнің түсуі мен жөнелтілуін толық салыстыратын қадағалау жүйесі, шикізаттың шығу тегін тексеретін құжаттамалық бақылау, өнім сапасын нақты анықтайтын зертханалық сүзгі, мемлекеттік органдардың өзара ақпарат алмасуы және тексерулердің заңды негізде жүруін қамтамасыз ететін процестік кепілдіктер.
Фарид Әлиев мемлекеттік бақылау нарықтағы заңды жұмыс істеп жатқан ойыншылардың тынысын тарылтпауы керектігін ескертті.
«Мұнда тепе-теңдік өте маңызды: адал кәсіпорындар нарықтың өзге қатысушыларының заң бұзушылығы үшін ұжымдық жауапкершілік арқаламауы тиіс. Бақылау тетіктері заңсыз операцияларды әшкерелей отырып, заңды бизнеске түсінікті жағдай жасауы қажет. Әйтпесе, бәрінен бұрын ештеңе жасырмай, ашық жұмыс істеп отырғандардың шығыны артады», – деп түйіндеді Фарид Әлиев.
Мамандардың пікірінше, көлеңкелі схемаларды жою тек заңсыз әрекеттерге нақты тосқауыл қойып, өндірісін дамытуға ниетті зауыттарға қолайлы әрі болжамды ережелер ұсынылған жағдайда ғана нәтиже береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







