Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту, оларды негізсіз тексерулер мен қысымнан қорғау, сондай-ақ әділ бәсекелестік қағидаттарын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді.
Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр.
Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады.
Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз.
Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр.
Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек».
Мемлекеттік сатып алу және бақылау жүйесін қайта қарау
Мемлекет басшысы қалай болғанда да мемлекет экономикадағы маңызды тапсырыс беруші болып қала беретінін атап өтті. Сондықтан шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдерін жетілдіру қажет. Сатып алынатын көлемнің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға резервтеуге болады.
Бұл ретте өнім берушілерге қойылатын талаптарды жұмсарту қажет. Кәсіпкерлер үшін тұрақты «ойын ережелерін» қамтамасыз ету аса маңызды.
Мемлекеттік бақылау айтарлықтай либералды, бірақ оның кәсіпорындардың жұмысына ықпалы айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттайтын камералдық бақылау арқылы сақталып отыр. Мұндай әсерді оң деп бағалауға болмайды.
Бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан жасалған заңбұзушылықтар саны 34 пайызға азайған сияқты көрінгенімен, айыппұлдар көлемі шамамен 11 пайызға артып, жоспардан тыс тексерулер ондаған есе көбейген. Ал іскерлік белсенділікті талдау бизнестің жұмысына жай ғана кедергі жасамау жеткілікті екенін көрсетеді.
«Ұлттық құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс қырларын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғырту және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.
Экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялау және нарықты қорғау
Сонымен бірге, экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден өтініштердің түсуі жалғасуда. Сондықтан экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау шараларын қабылдау қажет.
«Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды.
Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.
Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек.
Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз.
Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз.
«Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







