Елордада балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан бочча федерациясы бірлесіп ұйымдастырған бұл дәстүрлі жоба бүгінде өзара достық пен құрмет құндылықтарын дәріптейтін маңызды алаңға айналды.
Фестивальге еліміздің 19 өңірінен оқушылар қатысты
Биыл фестивальге еліміздің 19 өңірінен 294 мектеп оқушысы қатысты. Олардың қатарында ерекше білім беруді қажет ететін 98 бала бар екенін айрықша атап өткен жөн. Жасөспірімдер бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старт» ойындарынан бақ сынады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қоғамда инклюзия мәдениетін берік орнықтыру және әр азаматқа тең мүмкіндік беру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл істің өзегінде адам, оның құқығы, мүддесі және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау қағидаты тұр. Аталған фестиваль осы ұстанымның жарқын көрінісі екені анық.
Инклюзия – тек қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру емес. Бұл, ең алдымен, адамдардың бір-біріне қолдау көрсетуі, жанашырлық танытуы сияқты ізгі қасиеттерді насихаттауға арналған жүйелі жұмыс.
Осы орайда инклюзивті спорттың, соның ішінде боччаның мүмкіндігі зор. Бүгінде аталған спорт түріне қызығушылық артып, еліміздегі мектептерде де үлкен көңіл бөліне бастады. Бұл – біз үшін зор жетістік. Себебі, бочча баланың төзімін, стратегиялық ойлау қабілетін дамытумен қатар, өзін үлкен команданың бір бөлігі ретінде сезінуіне ықпал етеді.
Сондықтан мұндай ауқымды іске атсалысып, түрлі іс-шараларға белсене қатысып жүрген барлық балаға, ата-аналарға, ұстаздар мен жаттықтырушыларға алғыс айтамыз.
Осындай бірлескен жұмыс алдағы уақытта елімізде боччаның аясын одан әрі кеңейе түсіп, инклюзия мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







