Қазақстанда серіктестікті қасақана банкроттыққа ұшыратып, қазынаға салық төлеуден жалтарған кәсіпорын басшысына қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банкроттық алдындағы күмәнді әрекеттер
Оқиға желісі 2024 жылы сот шешімімен ресми банкрот деп танылған серіктестіктердің бірінен басталған. Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорынның банкроттыққа дейінгі үш жылдық қаржы-шаруашылық қызметін егжей-тегжейлі тексерді.
Тексеру нәтижесінде бірқатар күмәнді схемалар әшкере болды. Серіктестік басшысы фирманың заңды тіркелген мекенжайын бірнеше рет өзгерткен. Ең бастысы, кәсіпорынның есепшоттарынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы қолма-қол шығарылып кеткен.
Осы әрекеттерден кейін кәсіпкер өткен кезеңдерге қосымша салық декларацияларын тапсырған. Нәтижесінде серіктестіктің бюджет алдында небары 19 миллион теңге салық берешегі пайда болған. Компания балансында қарызды өтейтін ешқандай мүлік қалмағандықтан, сот оны банкрот деп тапқан еді.
Берешек сомасы 1,2 млрд теңгеге жетті
Алайда салық органдары кәсіпорын банкрот деп жарияланғаннан кейін де тексеру шараларын тоқтатпады. Қосымша салықтық бақылау барысында тың мән-жайлар анықталып, серіктестіктің бюджетке берешегі 19 миллионнан 1,2 миллиард теңгеге дейін өсті.
Нәтижесінде сот кәсіпорын басшысын қасақана банкроттық жасағаны және аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік кірістер комитеті банкрот мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті.
«Кәсіпорынның банкроттық рәсімі оның басшысын өз әрекеттері үшін жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері.
Қарызды жеке қалтасынан өтеу қаупі
Қылмыстық жазамен қатар, енді сот банкроттық басқарушының талап-арызын қарап жатыр. Маман кәсіпорынның бұрынғы жетекшісін серіктестік қарыздары бойынша субсидиарлық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Егер сот бұл талапты қанағаттандырса, экс-басшы 1,2 миллиард теңгелік қарызды өзінің жеке мүлкі мен қаржысы есебінен өтеуге міндеттеледі.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдан 2026 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде еліміздің құқық қорғау органдары қасақана банкроттық белгілері бойынша 18 қылмыстық іс қозғаған. Мемлекеттік кірістер органдары 51 әкімшілік іс қозғап, соттар қазірдің өзінде 19 лауазымды тұлғаны субсидиарлық жауапкершілікке тартты. Тағы 23 азаматқа қатысты материалдар әзірленіп жатыр.
«Банкроттық – міндеттемелерді заңды жолмен реттеу тетігі. Егер активтерді жылыстату немесе есепті бұрмалау анықталса, жауапкершілік сөзсіз жүктеледі».
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







