Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан «Dostlik Cup 2026» халықаралық футбол фестиваліне қатысуға барған қарағандылық 15 жасөспірім тағамнан жаппай уланды деген күдікпен шұғыл ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жас спортшылар мен олармен бірге барған ересектердің денсаулығы 31 қазан күні олар орналасқан жергілікті қонақүйлердің бірінде таңғы ас ішкеннен кейін күрт нашарлаған. Науқастардың дене қызуы көтеріліп, іштері қатты түйіліп ауырған.
Бір тәулік ішінде жағдайы қиындаған балалар саны 15-ке жеткен.
Ата-аналардың айтуынша, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген команданың сегіз мүшесі өзін жақсы сезініп отыр. Осыған байланысты күдік қонақүй асханасында берілген тағамдарға түсуде.
Жергілікті дәрігерлердің алдын ала мәліметі бойынша, оқиғаға тағамнан улану себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта зертханалық сынамалардың ресми қорытындысы күтілуде.
Зардап шеккен балаларға жедел түрде медициналық жәрдем көрсетіліп, антибиотикалық емдеу шаралары басталды. Ауырып қалған балалардың бірінің жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне жатқызылғаны белгілі болды.
Кейін балалар жағдайы жақсырақ бейінді ауруханаға ауыстырылып, дәрігерлердің жіті бақылауына алынды. Денсаулығы жараған спортшыларды пойыздың орнына ұшақпен елге мерзімінен бұрын қайтару мәселесі ұйымдастырылуда.
Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауға алды
Орын алған төтенше жағдайға байланысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, отандастарымыздың тағдыры дипломаттардың бақылауында екенін хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, медициналық көмекке мұқтаж барлық қазақстандық Өзбекстанның мамандандырылған емдеу мекемелеріне орналастырылған. Оларға қажетті барлық медициналық қызмет көрсетілуде.
Қазақстанның консулдық қызметі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, жаттықтырушылармен және жергілікті дәрігерлермен тұрақты байланыс орнатып, жағдайды жіті қадағалап отыр.
Тексеру қорытындысы бойынша халықаралық жарыс барысында балалардың тамақтану қауіпсіздігіне жауапты тараптардың жауапкершілігі анықталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







