Қазақстанда жыл басынан бері жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша 78 медициналық ұйым лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тоғыз айдың қорытындысын жариялады. Ведомствоның аумақтық департаменттері заңнама талаптарын өрескел бұзған мекемелерге қатысты сотқа шағым түсірген.
Сот талқылауларының нәтижесінде талапқа сай келмейтін 78 медициналық мекеменің қызмет көрсету рұқсаты тоқтатылды. Олардың қатарында жекеменшік стоматологиялық клиникалар мен арнайы орталықтар бар.
Жауапты орган өкілдері мұндай шаралар науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында жүзеге асырылғанын жеткізді.
«Медициналық көмек көрсету құқығы заңнама талаптары мен қауіпсіздік стандарттарын мүлтіксіз сақтаумен ұштасуы тиіс», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Бақылау шараларының күшеюі
Жыл басынан бері елімізде мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша 50-ден аса лицензияның қолданысы уақытша тоқтатылып, ондаған медицина қызметкері жұмыстан шеттетілді.
Өткен жылы да мемлекеттік бақылау аясында 400-ге жуық денсаулық сақтау субъектісі өз еркімен және сот шешімімен жұмысын тоқтатқан болатын. Бақылаушы органдар емдеу сапасын арттыру және лицензиясыз жұмыс істейтін нысандарды жою шараларын одан әрі жалғастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







