Лондондағы әйгілі Вестминстер аббаттығынан табылған және бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы археологтар мен тарихшыларды ойландырып келген көне саркофаг ішіндегі қаңқаның кімге тиесілі екені анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғасырдан асқан жұмбақ қабір
Әктастан қашалған алып саркофаг алғаш рет 1820 жылы жұмысшылардың қателігінен кездейсоқ табылып, қақпағы сынып қалған болатын. Кейін 1869 жылы ресми археологиялық қазба жұмыстары кезінде толықтай жер бетіне шығарылды. Тас табыттың қабырғасында біздің заманымыздың IV ғасырына жататын латын тіліндегі жазба қашалған. Онда табыттың ауқатты тұрғын Валерий Амандинге арналып жасалғаны жазылған. Осы себепті бастапқыда ғалымдар мұны Рим дәуіріндегі лондондықтың бейіті деп есептеді.
Алайда саркофагтың ауыр қақпағына Х немесе ХІ ғасырға тән үлкен англосаксондық христиан кресі бейнеленген еді. Рим кезеңі мен христиандық белгінің арасындағы кем дегенде 700 жылдық айырмашылық зерттеушілерге ұзақ уақыт бойы маза бермеді. Оның үстіне, қабір өткен ғасырларда тоналғандықтан, ішінде ешқандай сүйек қалмаған деген болжам басым болған.
Зертханалық сараптама және монах қаңқасы
Тарихи жәдігерді патшайымның Гауһар мерейтойлық галереясына қою жоспарланған кезде археологтар 2016 жылы оны зертханаға апарып қайта ашты. Тас табыттың ішінен бүтін дерлік адам қаңқасы және уақыт өте шіріп кеткен ағаш табыттың әкпен белгіленген айқын іздері табылды. Яғни марқұм ағаш табытпен бірге көне тас саркофагтың ішіне қайта жерленген.
Радиокөміртекті сараптама сүйек қалдықтарының 987 мен 1052 жылдар аралығына жататынын нақты көрсетті. Антропологтар бұл адамның шамамен 35–49 жас аралығындағы, бойы 175 сантиметрге жеткен ер адам екенін анықтады. Сонымен қатар қаңқадан артроз, подагра белгілері және қабырғасының жазылған жарақаттары байқалған.
Вестминстер аббаттығының кеңесші археологы, профессор Уорвик Родвелл Britan Archaeological Association ғылыми журналына шыққан мақаласында сүйектің сол замандағы жоғары лауазымды шіркеу басшысына тиесілі екенін алға тартты. Оның пікірінше, бұл 1020 жылы қайтыс болған аббат Эльфвиг немесе оның ізбасары, 1049 жылы көз жұмған аббат Вульфнот болуы мүмкін.
«Тас табытта кімнің жатқанына қатысты екі негізгі нұсқа бар. Екеуінің де нақты туған күні белгісіз. Алайда аббат лауазымына жиырма жастан асқан шағында тағайындалып, елуге жуық жасында қайтыс болды деп есептесек, бұл көрсеткіш екі дінбасына да сәйкес келеді. Дегенмен Эльфвигтің бұған дейін де Вестминстер монахы болғандығы оның басымдығын арттыра түседі», – деді профессор Уорвик Родвелл.
Көне жәдігерді қайта пайдалану дәстүрі
Ғалымдардың түсіндіруінше, бұл көрініс орта ғасырдағы қызықты үрдістің айқын мысалы болып саналады. Британияда христиандық кеңінен таралғаннан кейін дін қызметкерлері пұтқа табынушылық заманынан қалған Рим табыттарын жоғары мәртебелі адамдарды ардақтап жерлеу үшін қайта пайдаланған. Осылайша, мәртебелі аббатты құрметтеу мақсатында көне римдік саркофагтың қақпағына крест салып, мәйітті соның ішіне қойған.
Кейін XIII ғасырда III Генрих король аббаттықты готика стилінде қайта салдырған тұста бұл саркофаг ризница ауласына көшіріліп, ғасырлар бойы сол жерде тыныш жатқан.
«Аббат Эльфвиг бұқараға аса танымал тұлға болмаса да, бұл жаңалық 1869 жылдан бері ғалымдарды ойландырған құпияның түйінін тарқатып, аббаттықтың англосаксондық тарихындағы үлкен олқылықтың орнын толтырды», – деп түйіндеді профессор Родвелл.
Бүгінде ортағасырлық тылсым құпияның сыры ашылған римдік саркофаг Вестминстер аббаттығындағы мұражайлық экспозицияға қойылып, ғибадатхана тарихының құнды бөлшегі ретінде сақталып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







