Үкімет Астана түбіндегі Ұлттық пантеонға жерленуге құқығы бар лауазымды тұлғалардың тізімін қайта қарап, қатарды жаңа мемлекеттік қызметтермен толықтырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Жаңартылған ережеге сәйкес, бұдан былай кешен аумағына Қазақстанның вице-президенттері мен Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарлары да қойылады.
Мәртебелі тізім қалай жаңарды?
Ережедегі өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымына сай реттелді. Құжатқа сай, пантеон аумағына жерленетін мемлекет қайраткерлерінің қатарына мына лауазым иелері кірді:
- Қазақстанның вице-президенттері, премьер-министрлер мен олардың орынбасарлары;
- Құрылтай төрағалары мен олардың орынбасарлары;
- Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалары мен олардың орынбасарлары;
- Парламент палаталарының төрағалары мен орынбасарлары;
- Мемлекеттік хатшылар, мемлекеттік кеңесшілер;
- Президент Әкімшілігінің басшылары;
- Конституциялық кеңес, Конституциялық сот, Жоғарғы сот және Ұлттық банк төрағалары;
- Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарлары;
- Министрлер, мемлекет басшысына тікелей бағынатын әрі есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары;
- Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс әкімдері.
Сонымен қатар Президенттің арнайы шешімі қабылданса, еліміздің өзге де азаматтары осы қорымға жерленуі мүмкін.
Қолданыстағы жалпы тәртіп бойынша пантеонға мемлекет басшылары, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен жоғары мемлекеттік ордендерге ие болған көрнекті тұлғалар қойылады.
Жерлеуді кім ұйымдастырады?
Жаңа қаулыда жерлеу рәсімін атқару міндеті мен жауапкершілігі де нақты көрсетілген. Қаралы шараны ұйымдастыру марқұмның зайыбының, жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің бастамасымен жүзеге асады.
Бұл ретте астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың әкімдіктері барлық ұйымдастыру шараларын мойнына алады. Атап айтқанда:
- қажетті құжаттарды толық рәсімдеу;
- жерлеу салтына арналған жабдықтар мен рәсімдік керек-жарақтарды қамтамасыз ету;
- марқұмның денесін пантеонға дейін жеткізу;
- қоштасу мен жер қойнына тапсыру рәсімін өткізу жергілікті әкімдіктерге жүктеледі.
Ұлттық пантеон аумағында арнайы тіркеу кітабы жүргізіліп отырады. Онда марқұмның аты-жөні, кешенге жеткізілген әрі жерленген уақыты, өмірбаяны мен мемлекетке сіңірген еңбегі туралы мәліметтер мәңгілікке хатталады.
Елорда іргесіндегі мемориал
Астананың оңтүстік-батыс іргесінде, Қабанбай батыр кесенесі маңында орналасқан Ұлттық пантеон — ел тарихында айрықша із қалдырған тұлғаларға арналған элиталық мемориалдық кешен. Қорымды құру туралы бастама 2014 жылы көтеріліп, нысанның алғашқы кезеңі кейіннен ресми қолданысқа берілген.
Кешен мемориалдық ғимараттан, ескерткіш музейінен, құлпытастар аймағы мен саябақтан тұрады. Ұлттық пантеон туралы жаңа түзетулер ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







