Ресми түрде еңбек етіп, ай сайын жалақы алып жүргенімен, жұмыс берушінің қызметкер үшін әлеуметтік аударымдарды төлемей қоятын кездері жиі кездеседі. Мұндай олқылықтың беті көбінесе жүктілікке, бала күтіміне байланысты немесе жұмысынан айырылған сәтте тағайындалатын жәрдемақыны рәсімдеу барысында бір-ақ ашылып жатады. Еңбек министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төлемдердің түсуін қалай тексеруге және қарызды қалай өндіруге болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік аударымдардың төленбеуі несімен қауіпті?
Жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдарды уақытылы жүргізуге міндетті. Бұл төлемдер азаматтардың келешектегі мемлекеттік қолдау шараларының көлемін тікелей айқындайды.
Әлеуметтік аударымдар жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс беруші оны өз қаражаты есебінен МӘСҚ қорына аударуға міндетті. 2026 жылы оның мөлшерлемесі белгіленген есептік табыстың 5 пайызын құрайды.
Аталған төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) түседі. Қызметкер жұмысынан айырылғанда, еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанда немесе бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда тиісті әлеуметтік көмектің мөлшері осы аударымдарға байланысты есептеледі. Сондай-ақ асыраушысы қайтыс болған отбасы мүшелері де осы жүйе арқылы қолдау алады.
Мысалы, жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлемді есептегенде азаматтың соңғы 12 күнтізбелік айдағы орташа табысы ескеріледі. Ал бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім төлемі соңғы 24 айдың көрсеткішіне негізделеді. Егер жұмыс беруші кейбір айларды бос қалдырып, төлем аудармаса, орташа айлық көрсеткіш күрт төмендеп, тиесілі жәрдемақы да азайып қалады.
Қарыздың бар-жоғын қалай тексеруге болады?
Аударымдардың тұрақты түсіп отырғанын анықтаудың ең қарапайым жолы — eGov.kz электрондық үкімет порталы. Ол үшін жүйеге кіріп, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметін таңдау қажет.
Қызмет тегін көрсетіледі, ал өтінімді өңдеу уақыты 10 минуттан аспайды. Дайын анықтамадан төлемдердің қай айларда және қандай сомада аударылғаны көрінеді. Мамандар тек соңғы айды ғана емес, бір жылдық немесе екі жылдық аралықты толық қарап шығуды ұсынады. Мұндай деректерді банктердің мобильді қосымшаларынан немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарынан да алуға болады.
Төлем түспеген жағдайда қайда жүгінген жөн?
Егер тізімде бос кезеңдер анықталса, ең алдымен жұмыс берушінің есеп бөліміне хабарласқан дұрыс. Кейде мәселе бухгалтерлік немесе техникалық қателіктерден туындауы мүмкін.
Жұмыс беруші қарызды жабудан бас тартқан жағдайда, қызметкер e-Otinish платформасы арқылы тиісті Мемлекеттік кірістер басқармасына немесе департаментіне арыз жолдай алады. Өйткені әлеуметтік төлемдердің толықтығы мен уақтылы түсуін тікелей салық органдары бақылайды. Салық органдары бұзушылық жасаған мекеменің шоттарын бұғаттап, қарызды мәжбүрлеп өндіру құзыретіне ие.
Арызға келесі құжаттарды тіркеу қажет:
— МӘСҚ үзінді-көшірмесі немесе eGov порталынан алынған анықтама;
— Еңбек шартының көшірмесі;
— Жалақының тағайындалғанын растайтын есеп айырысу парақшалары.
Егер еңбек шарты ресми жасалмаған болса немесе жұмыс беруші еңбек қатынастарын мойындамаса, алдымен мемлекеттік еңбек инспекциясына не сотқа жүгініп, жұмыс істеу фактісін заңды түрде дәлелдеу қажет болады.
Қарыз қалай өтеледі және ақшаны қайтару тәртібі қандай?
Мұнда маңызды бір мәселені есте ұстаған жөн: жұмыс берушіден өндірілген әлеуметтік аударым сомасы қызметкердің жеке банктік картасына қолма-қол аударылмайды.
«Қарыз өтелген жағдайда қаражат қызметкердің жеке картасына түспейді, жүйедегі тиісті айлар мен жылдар үшін қорға аударылады. Егер әлеуметтік төлем тағайындалып қойса, қарыздың өтелуі оның көлемін автоматты түрде арттырмайды», – деп нақтылады сала мамандары.
Жұмыс беруші өткізіп алған әрбір мерзім үшін заң бойынша өсімпұл төлейді және қаражатты нақты тиесілі айларға бөліп өтейді. Алайда, егер жүктілік немесе бала күтімі бойынша жәрдемақы қарыз өтелгенге дейін тағайындалып кетсе, төлем сомасы өздігінен қайта көбейтілмейді. Мұндай жағдайда қайта есептеу тәртібін бөлек анықтауға тура келеді.
Осы себепті Еңбек министрлігі әлеуметтік жағдайлар туындағанша күтпей-ақ, аударымдардың жай-күйін жыл сайын өз бетінше тексеріп отыруды ұсынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







