Елордадағы Qazaq Creative Hub орталығында 24-25 қазан күндері Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті. Екі күндік іс-шара Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жәрмеңкеге қолөнершілер, дизайнерлер, өнер өкілдері және инновациялық жоба әзірлеушілер қатысты. Олар елорда тұрғындарына Шымкенттің шығармашылық және технологиялық әлеуетін таныстырды.
Салтанатты ашылуда оңтүстік өңірдің ұлттық өнерін дәріптеп жүрген «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетті. Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры «О, қала!» әдеби-музыкалық қойылымын сахналады.
Қойылым Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналды. Театр ұжымы спектакльді Республика күніне арналған екінші күнгі бағдарламада да көрермен назарына ұсынды.
Жәрмеңкеде ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер және қолөнер бұйымдары қойылды. Келушілер киізден, қыштан, былғарыдан және ағаштан жасалған өнімдерді сатып ала алды.

Шымкенттік шеберлер бұйымдардың жасалу ерекшеліктерін түсіндірді. Ұлттық әшекей жасау, киіз басу және құрақ құрау бойынша шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды.
Технологиялық жобалар қатарында алақан тамырлары арқылы төлем жасауға арналған Alaqan жүйесі таныстырылды. Қолжазбаны жасанды интеллект көмегімен танып, өңдейтін Qalam AI ақылды қаламы да көпшілік назарына ұсынылды.
Мал шаруашылығына арналған QazTracker цифрлық жүйесі мен «САҚ» киностудиясының шығармашылық жұмыстары көрсетілді. Көрермендер «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» мультсериалдарын және «Ахмет» анимациялық фильмін тамашалады.
Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді танытып, креативті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жоба авторларға өнімдерін жаңа аудиторияға ұсынып, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Астанадағы жәрмеңке Шымкент шеберлері мен дизайнерлерінің нарығын кеңейтуге жол ашты. Іс-шара ұлттық қолөнер, заманауи өнер және инновациялық технологияның өзара үйлесе алатынын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







