Алматыда белгілі эколог, блогер әрі «Байтақ» жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев қант диабетімен ауыратын жандарға диеталық нан шығаруға бөлінген 150 миллион теңгеге жуық мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Тергеу органдарының мәліметінше, ғылыми грантты иемденген компаниялар науқастарға арналған өнімді мүлде өндірмей, қазына ақшасын қалтаға басқан.
«Қайырымды» мақсат және 150 миллионның гранты
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің назарына іліккен 50 жастағы эколог-кәсіпкер «Ғылым қоры» қаржыландырған екі бірдей ірі жобаны үйлестірген. Құжат жүзінде жобаның мақсаты аса ізгі болып көрінген: елімізде қант диабеті, целиакия және ас қорыту жүйесінің ауыр дертіне шалдыққан азаматтар үшін глютенсіз және көмірсуы аз арнайы диеталық ұн өнімдерінің өндірісін жолға қою көзделген.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қомақты қаражат екі жекеменшік серіктестіктің есепшотына аударылған. Қыдырбаев бұл мекемелерде ресми түрде қатардағы жалдамалы жұмыскер ретінде тіркелгенімен, тергеушілер қаржылық ағындар мен өндірістік процесті тікелей өзі басқарғанын анықтады.
Ескі техника мен өтірік есеп: Жымқыру схемасы қалай жасалды?
Қылмыстық схема жоғары технологиялық құрал-жабдық сатып алу кезінде іске асқан. Ресми құжаттар бойынша, диабетиктерге нан пісіретін зауытқа шетелден соңғы үлгідегі жаңа жабдықтар алынуы тиіс болатын.
Алайда күдіктілер техниканы қолдан, бұрын пайдаланылған әрі техникалық сипаттамасы сай келмейтін арзан күйінде сатып алған. Ал қағаз бетінде құрылғылардың бағасын әдейі бірнеше есе асырып көрсетіп, ортада қалған аса ірі қаржылық айырманы қолма-қол шығарып алып отырған. Куәгерлердің түсініктемесіне сәйкес, миллиондаған қаржы жеке басына қолма-қол табысталған.
Ең сорақысы, науқас жандарға арналған диеталық өнімнің бірде-бір партиясы нарыққа шықпаған. «Ғылым қорының» алдында есеп беріп, жұмыс жүріп жатыр деген жалған көрініс жасау үшін күдіктілер жалған актілер мен өтірік жеткізу қағаздарын толтырумен шектелген.
Қазіргі уақытта экс-партия хатшысы уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Жасыл» идеологияның жалаң ұраны
Оқиғаның қоғамда үлкен наразылық туғызуының басты себебі — қылмысқа күдікті тұлғаның саяси бейнесінде. Жылдар бойы экологияны қорғауды, ашықтық пен қоғамдық әділдікті ту етіп келген «жасылдар» партиясы жетекшілерінің бірі шын мәнінде әлеуметтік осал топтардың — қант диабетіне шалдыққан жандардың нанын жеп шықты.
Ауруына байланысты қарапайым тағамдарды тұтына алмай, диеталық нан таппай қиналған науқастардың мұқтаждығы жеке баюдың қарапайым құралына айналған. Таза қоршаған орта мен денсаулық туралы биік мінберлерден сөз сөйлеген белсендінің бұл әрекеті қоғам алдындағы екіжүзділіктің нағыз көрінісі.
Бұл былық жуырда Жоғары аудиторлық палатаның ғылым саласынан тапқан 51 миллиард теңгелік заңбұзушылығының іс жүзінде қалай орындалғанын анық көрсетеді.
Мемлекет қазынасынан ғылыми жаңалық пен халық денсаулығы үшін бөлінген миллиардтар осылайша жалған өндірістер мен қалта компаниялар арқылы талан-таражға түскен. Ауру адамдардың үмітін ақшаға айырбастаған мұндай пысықайлар үшін жауапкершілік тек айыппұлмен шектелмей, заңның ең қатал баптарымен бағалануы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







