Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен жаңа тауық жұмыртқасын әкелуге екі ай мерзімге уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қол қойған жаңа шектеу отандық құс өсірушілерді қолдау мақсатында қабылданғанымен, қыс қарсаңында әлеуметтік маңызы бар тауардың қымбаттап кету қаупін тудырып отыр.
Жаңа шектеудің мәні: кімдерге қатысты?
Министрліктің шешіміне сай, шекарадан тауық жұмыртқасын автомобильмен, теміржолмен немесе өзге де көлік түрлерімен тасымалдауға толықтай тосқауыл қойылды. Алайда құжатта бірқатар ерекшеліктер ескерілген:
- шектеу Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерге өтетін транзиттік жүктерге қолданылмайды;
- одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы транзиттік өнімдерге кедергі жоқ;
- жаңа талап күшіне енгенге дейін экспорттық рәсімдерден өтіп, тиісті құжаттары бар немесе ел аумағына кіріп үлгерген партияларға рұқсат беріледі.
Еліміз бұған дейін де осыған ұқсас шараға жүгінген еді. Сәуір айында енгізілген алты айлық тыйым қазан айының соңында ғана аяқталған болатын. Арада небәрі үш апта өткенде шекараның импорт үшін қайта тарс жабылуы нарықтағы ахуалдың күрделі екенін аңғартады.
Отандық құс фабрикаларының жағдайы
Ведомствоның бұл қадамға баруына отандық құс фабрикаларының жанайқайы себеп болған. Қазір республикада 70-ке жуық құс фабрикасы жұмыс істеп тұрса, соның 34-і тікелей жұмыртқа өндірумен айналысады.
Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы елімізде 4,5 миллиардтан астам асханалық жұмыртқа өндіріліп, ішкі нарықтың қажеттілігі 98 пайызға дерлік отандық өніммен қамтамасыз етілген. Алайда көрші Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін арзан импорттық өнімдер жергілікті фабрикалардың тауарын ығыстырып, демпингтік қысым тудырған. Құс өсірушілер жем-шөптің, дәрумендердің, электр қуаты мен жанар-жағармайдың қымбаттағанын алға тартып, өнімді өзіндік құнынан төмен сатуға мәжбүр болып отырғандарын айтып шағымданған.
Жаңа жыл алдындағы тапшылық пен баға қаупі
Мемлекеттің өз өндірушісін қорғауға тырысқаны құптарлық болғанымен, таңдалған уақыт тұтынушылар үшін тиімсіз тұсқа тап келді. Алда қысқы маусым мен жаңа жылдық мерекелер келе жатыр. Дәл осы қараша мен қаңтар аралығында кондитерлік өнімдерге, отбасылық дастарқандарға байланысты жұмыртқаға сұраныс ең жоғары деңгейге жетеді.
Жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, сыртқы бәсеке тыйылған бойда отандық монополистер бағаны бірден 15-30 пайызға көтеріп жібереді.
Қысқы уақытта тауықтардың жұмыртқалауы табиғи түрде азаятынын және қоймаларды жылытуға кететін шығынның артатынын ескерсек, фабрикалардың бағаны ұстап тұруы екіталай.
Қарапайым халықтың қалтасына қалай әсер етеді?
Жұмыртқа — халықтың ең негізгі әрі қолжетімді ақуыз көзі саналатын бірінші кезектегі әлеуметтік тауар. Сондықтан оның қымбаттауы ең алдымен көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың қалтасына соққы болып тиеді.
Бәсеке жоқ жерде сапаның түсіп, бағаның шарықтайтыны — нарықтың мызғымас заңы. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда министрлігі отандық өндірушілермен меморандум бекітіп, бағаны қатаң бақылауға алмаса, импортқа салынған тосқауыл кәсіпкерлерді ғана жарылқап, қарапайым халықтың қалтасын қағатын кезекті қымбатшылық науқанына айналуы әбден мүмкін. Отандық бизнеске жасалған қамқорлықтың салмағы тұтынушының мойнына артылмауы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







